Непал мен Қытайдың Тибетпен шекаралас аймағында болған жойқын су тасқыны мен лай-тас көшкінінен қаза тапқандар саны артып барады.
"Қазір Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқынынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ", – деді СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Апат 26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет аймағы шекарасында болған. Үлкен көлемдегі мұз, тас пен лайдың өзенге құлауы салдарынан жойқын тасқын пайда болған. Су үйлерді, жолдар мен көпірлерді және энергетикалық нысандарды шайып кеткен.
Reuters мәліметінше, Непалда кемінде 162 адам қаза тапқан, ал жүздеген адам із-түзсіз жоғалған. Апат болған өңір туристер мен қажылар жиі баратын бағыттардың бірі саналады. Непал билігінің мәліметінше, жүздеген турист хабар-ошарсыз кеткен. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала дерек бойынша, тасқынға мұздықтың бір бөлігінің опырылып түсуі себеп болған.
Reuters сарапшылары спутниктік суреттерді зерттей отырып, шамамен 5200 метр биіктіктегі мұздықтың бір бөлігі төменге құлап, үлкен көлемдегі мұз, тас пен лайды өзен аңғарына түсіргенін анықтаған.
Табиғи апат Қытайдың Тибет аймағындағы Гиронг уезін де қамтыған. Онда жолдар, байланыс және электр желілері зақымданған. Қытай мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Гиронгта жүздеген адам із-түзсіз жоғалған, олардың арасында шетел азаматтары да бар. Қазір екі елде де іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Таулы аймақтағы жолдар мен байланыс инфрақұрылымының зақымдануы құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр.