Непалдағы жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 469 адамға жетті. Тағы 800 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы Annapurna Post басылымы хабарлады.
Көршілес Тибетте де табиғи апат салдары ауыр. Онда кемінде үш адам қаза тауып, 550-ден астам адаммен байланыс үзілген. Жоғалғандардың басым бөлігі шетелдік туристер екені айтылды. Апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Непал Премьер-министрі Балендра Шахтың айтуынша, құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам әскер, қарулы полиция және ұлттық полиция қызметкері жұмылдырылған.
Зардап шеккен тұрғындарға уақытша баспаналар ұйымдастырылып, медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Непал билігі табиғи апаттан кейін қайта су басу қаупі сақталып отырғанын ескертті. Құлаған тас пен мұз өзен арнасын бөгеп, екі көлдің пайда болуына себеп болған. Билік олардың арнасынан асып кетуі мүмкін екенін айтып, қауіптің 1 қыркүйекке қарай күшеюі ықтимал екенін ескертті.
Еске салайық, 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында жойқын су тасқыны болды. Бхотекоши мен Тришули өзендерінің алқабындағы елді мекендерді су басып, үйлер, жолдар мен көпірлер қирады.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Непалдағы табиғи апаттан кейін Қазақстанның екі азаматы іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді. Олардың бірі туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен.