Тікелей эфир

Назарбаев қоры Jusan тобының шетел азаматтарының бақылауына өтуіне байланысты прокуратураға арызданды

Прокуратура Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанға қайтару мақсатында жұмыс істейді.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы іс қозғады. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында  талдау жүргізген. Талдау барысында "Jusan" тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы – топтың қызметін бақылау шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілгені нықталған.

Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде  "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі "Jusan" тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі", – деп жазылған хабарламада.


Оқи отырыңыз: Әділет министрі: Назарбаев отбасының шоттары мен мүлкіне қойылған кепілдер күшін жояды


Бұдан бөлек, Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан Jusan тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы "Назарбаев қорының" арызы түскен.

"Прокуратураның мақсаты – тек әділеттілікті қалпына келтіріп, Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады", – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, аталған талап арыз Jusan Bank-тің жұмысына қатысты емес, яғни оның қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bank-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады.

Серіктестер жаңалықтары