Қазақстан аумағында 16 сәуір күні ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі, деп хабарлайды "Қазгидромет".
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елде тұрақсыз ауа райы сақталады. Соның салдарынан республиканың басым бөлігінде жауын-шашын түсіп, кей жерлерде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін.
Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан өңірлерінде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр мен қар аралас жауын күтіледі.
Сонымен қатар елдің оңтүстік-батысында, солтүстік-батысында, шығысында және орталық аймақтарында жауын-шашынның күшеюі ықтимал. Кей өңірлерде бұршақ жауып, дауыл тұрып, көктайғақ қалыптасуы мүмкін.
Республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді. Ал оңтүстік-шығыс өңірлерде желдің екпіні шаңды дауылға ұласуы ықтимал.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы, Жетісу облысы және Абай облысы аумақтарының бір бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындарды сақтық шараларын күшейтіп, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.