10 ақпан күні Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының үшінші жарыс күні басталды.
Бүгін Қазақстан құрамасынан 18 спортшы алты спорт түрінен жарыс жолына шығады.
Күннің алғашқы жарыстары 13:15-те шаңғы жарысындағы спринт бәсекесімен басталады. Ерлер мен әйелдер арасында өтетін бұл сайыста Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало және Наиль Башмаков ел намысын қорғайды.
14:30-да шорт-тректен 500 метр (әйелдер), 1000 метр (ерлер) қашықтықтарындағы іріктеу жарыстары мен аралас эстафетаның алдын ала кезеңі өтеді. Бұл жарыстарға Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Яна Хан және Ольга Тихонова қатысады.
15:15-те фристайл-могулдан ерлер арасындағы алғашқы іріктеу кезеңінде Павел Колмаков сынға түседі.
17:30-да биатлоннан ерлер арасындағы жекелей жарыс өтеді. Бұл сайыста Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов өнер көрсетеді.
18:15-те фристайл-могулдан әйелдер арасындағы алғашқы іріктеу кезеңі басталады. Қазақстан атынан Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Әмренова жарыс жолына шығады.
Кешкі бағдарлама 22:30-да мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы қысқа бағдарламамен түйінделеді. Бұл жарыста Михаил Шайдоров ел намысын қорғайды.