
Қазақстанда Халықаралық отбасы күніне орай, бүгін "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.
"Қазақстанның әр өңірінде өзгелерге үлгі болатын, тағылымды тарихы бар отбасылар бар екеніне сенімдімін. Баршаңызды осы маңызды әрі ізгі байқауға қатысуға шақырамын. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз көпшілікке шабыт сыйлайтыны сөзсіз", – деп жазды министр.
Аида Балаеваның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы өмір сүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шымкенттік Бейісбековтер әулеті "Мерейлі отбасы – 2023" ұлттық байқауының лауреаты атанды
Министр жаңа ғана шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасыларға ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті:
"Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңнама жетілдіріліп келеді. Қолдау тек сөз жүзінде ғана емес, әлеуметтік жәрдемақылар мен бала күтіміне арналған төлемдер арқылы нақты көрініс тауып жатыр. Бүгінде елімізде 112 Отбасы қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар азаматтарға өмірлік маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіп отыр".
Сондай-ақ, бүгін #отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хэштегтерімен Отбасы күніне арналған онлайн-челлендж өтеді.