Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы атқару комитетінің төрағасы Ольга Рыпакова 2026 жылғы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафонда жеңіске жеткен Ясмина Тоқсанбаеваның кейін дисквалификациялануына қатысты пікір білдірді.
Ольга Рыпакованың айтуынша, жоғары жетістіктер спорты көптеген ереже, хаттама, норма, регламент пен міндеттемені сақтауды талап етеді. Бұл талаптар спортшыға да, әр деңгейдегі спорт функционерлеріне де бірдей қатысты.
Федерация атқару комитетінің төрағасы жарыстан кейінгі жағдайға жаттықтырушы мен команда өкілінің реакциясы дер кезінде болғанын және қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес жүргізілгенін атап өтті.
Мәселені шешу үшін ресми ресурстармен қатар, басқа да тараптар тартылған. Атап айтқанда, спортшыларға арналған аяқ киімді өндіретін компанияға ресми өтініш жолданып, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы мен World Athletics басшылығымен байланыс орнатылған.
"Мен ең жоғары деңгейдегі жарыстарда алтын медальдің қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Мұндай бәсекелерде елдің беделі Қазақстан құрамасының жалпы командалық есептегі нәтижесіне тікелей байланысты. Ал ол, ең алдымен, алтын медаль саны арқылы анықталады. Әр алтынның маңызы зор болуы мүмкін. Спортшы ретінде түрлі деңгейдегі жарыстарда әртүрлі жүлдеге ие болдым. Енді сол медальдарды қорғау тәжірибесі де қосылып жатыр. Мен алтынға сараңмын, ол – біздікі", – деп жазды Ольга Рыпакова.
Ол жоғары жетістіктер спортын адам қызметінің ең жарқын салаларының бірі деп атап, спорттағы тәжірибесінен көптеген сабақ алғанын айтты.
Айта кетейік, 30 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Ясмина Токсанбаеваның дисквалификациясына қатысты ресми түсініктеме сұратқанын хабарлады. ҰОК халықаралық спорт құқығы саласындағы мамандармен бірге бұдан кейінгі іс-қимылдарды қарастырып жатыр.
Комитет жарыс алдындағы спорттық жабдықтарды тексеруден бастап, мәреден кейін қабылданған шешімге дейінгі оқиғалардың толық хронологиясын қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
"Ясминаға чемпионға тиесілі барлық сыйақы төленеді". Жеңіл атлетика федерациясы мәлімдеме жасады
Азия ойындарындағы кроссовка дауы: Атлет Ясмина Тоқсанбаева неге алтын медалінен айырылды