Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Qazaqstan арнасына берген сұхбатында елімізде мемлекеттік наградалар беруге қатысты сыни пікірлерге жауап берді. Айта кетейік, соңғы уақытта "Қазақстанда мемлекеттік наградалар тым жиі беріліп кетті" деген сын айтылып жүр.
Дегенмен, мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, мұндай пікірлер бар болғанымен, шын мәнінде жағдай олай емес.
"Пікір туындайтын себебі – соңғы жылдары, әсіресе, биыл біз кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге енгіздік. Биылдан бастап, өнер қайраткерлерінің, журналистердің, одан кейін кеншілер, мұнайшылар, ұстаздардың кәсіби мерекелерінде ең үздік мамандарды президент Ақордада қабылдап, өз қолымен оларға мемлекеттік наградалар тапсырған болатын. Бұл жердегі мақсат – президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүргендей, "еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, соларға лайықты құрмет көрсету", – деп түсіндірді Ерлан Қарин.
Оқи отырыңыз:
- Тұңғыш рет табысталған "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағына кімдер ие болды
- "Ел бірлігі" наградасы Республика күнінде алғаш рет табыс етіледі
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, қазір мемлекеттік наградалармен марапаттауда еңбек адамдарына басымдық беріліп жатыр. Бұл ретт Ерлан Қарин биыл Республика күніне орай 450-ге жуық қарапайым жұмысшылар мемлекеттік наградаға ие болғанын еске салды.
"Биыл Ақордаға шақырылып, марапат алғандардың арасында еңбек династиялары да болды. Олардың арасында жалпы еңбек өтілі 800 жылдан асатын династиялардың өкілдері де бар", – деді мемлекеттік кеңесші.