Тікелей эфир

"Мемлекеттік білім грантын ұлдарға көбірек беру керек". Бектенов депутаттарға жауап берді

Үкімет басшысының сөзінше, бұл қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді.

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының ауыл шаруашылығы саласында маман жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін мемлекеттік грант бөлу ісінде ер балаларға басымдық беру қажет деген ұсынысына жауап берді. 

Еске салайық, "Ауыл" партиясының өкілдері "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" бағыты бойынша мемлекеттік грантты иеленгендердің 60 пайызға жуығы – қыздар екенін айтқан болатын. 

"Жыл сайын аталған мамандықтарға ер адамдарға қарағанда қыз балалар саны ұлғайып отыр. Ал, қыз балалардың басым бөлігі бұл мамандықты болашақ мамандығы үшін таңдап отырған жоқ, олардың көбі грант иегері атанып, ауыл-аймақтардан қалаларға кету мақсатында жасап отырғаны белгілі. Ауылдық округтар мен шалғай ауылдарда және аудан орталықтарында нақты өз мамандығы бойынша жұмыс жасайтын қыз балалардың жоқ екендігіне қатысты мәлімет бар. Тек кейбір жекелеген аудандар мен облыс орталықтарындағы кабинеттік жұмыстардың маңында ғана офистік, сараптамалық немесе статистикалық қызметтерді атқарып отырған әйел азаматшаларды көруге болады", – делінген мәжіліс депутаттарының сауалында


Оқи отырыңыз:


Дегенмен, үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл сала бойынша нақты мәліметтерді атады. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 7212 адам білім алып жатса, оның ішінде 3677 қыз (немесе 51%) бар. 

Қазақстанда талапкерлерге ортақ мүмкіндіктер ұсынылатынын еске салған премьер-министр оларды жынысы бойынша шектеу Конституцияға қайшы екенін айтты. 

"Кәсіптік бағдар беру жұмыстары барлық оқушылардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді және оны жынысы бойынша ("Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" бағыты бойынша) басымдыққа айналдыру азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге әкелуі мүмкін", – деді Олжас Бектенов.  

Серіктестер жаңалықтары