Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік желідегі парақшасында ауыл шаруашылығы кейінгі 13 жылда алғаш рет Қазақстан экономикасының драйверіне айналғанын сүйіншіледі. Биылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша экономиканың шикізаттық емес секторындағы ауыл шаруашылығы елдің ЖІӨ-нің жоғары өсімдерінің бірін көрсеткен. Көрсеткіш – 11,4% деңгейінде.
"Үкімет тарапынан саланың ұзақ және тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдануда. Биыл егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу көлемі алғаш рет үш есе ұлғайтылып, жылдық 5% мөлшерінде 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Келесі жылы "Кең дала 1" және "Кең дала 2" бағдарламалары бойынша осы мақсаттарға "Даму" қорына кепілдік беруді жалғастыра отырып, 700 млрд теңгеге дейін жеңілдікті қаражат бағытталатын болады. Сонымен қатар, "ҚазАгроҚаржы" арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 200 млрд теңге бөлінеді. Биыл тауарлы-сүт фермаларын салуға жылдық 2,5%-бен 100 млрд теңге бөлінді, ал келесі жылы мал шаруашылығын дамыту, құс фабрикаларын, жеміс қоймаларын салу, суару, балық өсіру, терең өңдеу және сақтау, қорап өндірісі жобаларына тағы 200 млрд теңге жұмсалады", – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, Үкіметтің келесі міндеті – ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз еткеннен кейін экспортқа шығару. Біз жаңа экспорттық нарықтарды кезең-кезеңімен ашамыз және бұрын салынған өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің шектеулерін аламыз. Бірақ тұрақты фито және ветеринарлық бақылау жүйелері болмаса, ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетсіз салаға айналуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Асыл тұқымды жылқы асырағандарға мемлекеттен субсидия беріледі
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитария және ветеринария жүйелеріне бірқатар реформалар әзірледі. Олардың мақсаты – бақылаудың ашықтығы мен өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету, фито және ветеринарлық бақылау объектілерін қажетті жабдықтар мен техникамен қамтамасыз ету, мамандарға лайықты жалақы беру. Өткен жылдардағы шегірткемен күрес аумақтық зиянкестермен күрес инспекторларының жұмысының нәтижесі қазіргі заманғы техникаға қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Бірақ фитосанитарлар тек шегірткемен ғана айналыспайды, олардың функцияларына өсімдіктердің қауіпті ауруларын болжау және бақылау кіреді. Ал экспорттық-импорттық өнімді фитосанитариялық бақылауға жауапты карантиндік инспекторлардың тиімді әрекеттеріне қазақстандық өнімнің үздіксіз экспорты және біздің сөрелердегі импорттық өнімнің қауіпсіздігі тікелей байланысты.
"Реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Аз уақыт ішінде қажетті қаржыландырудың болмауынан орын алған материалдық-техникалық мәселелерді толық шешу мүмкін емес. Дегенмен, Қазақстан мен Ресей, сондай-ақ ЕАЭО елдері арасында ветеринариялық және фитосанитариялық құжаттардың ашықтығын және бақылауын арттыру бойынша маңызды қадамдар жасалды. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан мен Ресейдің ақпараттық жүйелерінің электрондық ветеринариялық құжаттармен және өсімдіктер карантині саласындағы интеграциясы күтілуде. Бұл бақылаудағы жүктердің кіруі, шығуы және транзиті үшін бірыңғай рұқсаттар базасына, сондай-ақ тауарларды өндіру, өңдеу және сақтау жұмыстарымен айналысатын ұйымдар мен тұлғалар тізіліміне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, ақпараттық жүйелерді біріктіргеннен кейін фито және ветеринарлық сертификаттарды тексеру мәселесі шешіледі", – деді Серік Жұманғарин.
Оқи отырыңыз: Мемлекет алма өсіргісі келетіндерге көмек береді. Оларға қандай шарттар қойылады
Үкімет өкілінің айтуынша, ветеринария саласында қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. 2022 жылмен салыстырғанда бруцеллез, сібір жарасы және пастереллез сияқты қауіпті аурулардың деңгейі 2,3 есе, ал 2023 жылмен салыстырғанда 28,5%-ға төмендеді. Қазақстанның бес өңірінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымымен шектеулер алынып, Ресейге, Қытайға, Түркияға және Беларуське ет экспорты ашылды. Қазіргі уақытта ел көлемінде импорттық-экспорттық операцияларды цифрландыру және "өндіруші – қайта өңдеу – нарық – тұтынушы" қағидасы бойынша бақылауды ұйымдастыру міндеті тұр.