Тікелей эфир

Мемлекетке қайтарылған қаражатқа спорт кешені мен музыкалық мектеп бой көтереді

Түркістан облысының Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр.

Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Түркістан және Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандар салынады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі. 

Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң шеңберінде жұмысын жалғастыруда. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 миллиард теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 миллион теңге сомаға музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауылында ауданы 6 мың шаршы метрден асатын, бір ауысымда 80 адамды қабылдайтын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан белсенді тұрғындарға бос уақытытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді – ауданда 14,5 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады.

Жобаға сәйкес, орталықта күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысу үшін жабдықталады, екі жаттығу залы қажет құрал-жабдықтармен қамтылады. Сонымен қатар кешенде спортшыларды жаттықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін қажет құрал-жабдық және басқа да қосалқы үй-жайлар қарастырылған.

Түркістан облысының Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алу үшін жағдай жасайды. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қорда 177 миллиард теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және т. б. салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияны премьер-министр басқарады, жұмыс органы – ҚР Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары