Мемлекет барда тіліміз тұғырдан түспейді. Мемлекетті сақтау мен ел бірлігін ойлауымыз керек – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Фото: Конституциялық соттың Telegram арнасы
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Фото: Конституциялық соттың Telegram арнасы
Мемлекеттік кеңесші Конституцияда мемлекеттік тіл – Қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылғанын атап өтті.

Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасындағы қазақ тілі мәртебесіне қатысты жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде Ата Заңдағы тілге қатысты бап қызу талқыға түскенін Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Жандос Шаймарданов айтқан болатын. 

"Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл – Қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, 9-бап 1-тармақта "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – Қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тілі жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекет барда ол ешқашан тұғырдан түспейді. Сол үшін мемлекетті сақтауымыз керек, мемлекетті қорғауымыз керек. Ең бірінші, ел бірлігін ойлауымыз керек", – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші әлеуметтік желідегі "Конституциялық комиссия жаңа Ата Заңды қабылдап қойды" деген жаңсақ пікірге де жауап берді. 

"Біз мәтінді қоғамдық талқылау үшін жариялап отырмыз. Білсеңіздер, 1995 жылы қабылданған Ата Заңды дайындау үшін кезінде арнайы Сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Оның құрамында бар болғаны 12 адам болды. Біздің Конституциялық комиссияның құрамында 130 адам бар. Барлық өңірлердің өкілдері осы жиынға, әр отырысқа қатысып отыр. Қазір қолданыстағы Ата заңды дайындауға қатысқан 12 азаматтың 9-ы – Қазақстан азаматы, қалған үшеуі сырттан шақырылған маман еді. Біз қоғам назарына ұсынып отырған Ата Заңды елдің азаматтары дайындап отыр. Сырттан ешкім келіп дайындап жатқан жоқ. Сондықтан біз дайындап, қоғам назарына ұсынып отырған Конституция жобасы – шын мәнінде нағыз халықтық Конституция деп айтуға болады. Себебі, барлық өңірлердің, барлық саланың өкілдері қатысып отыр. Отырыстың бәрі тікелей эфирде, халықтың назарында өтіп жатыр", – деді Ерлан Қарин.

Серіктестер жаңалықтары