Тікелей эфир

Мектеп директоры бір орында ұзақ отырса, есепші туысы болып кетеді – Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты ротация принципін енгізудің маңыздылығын атады.

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бір қызметте ұзақ отырудың тиімсіз тұстарын атады. Ол бұл туралы "Не болды" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

"Ротация принципін енгізу аса маңызды. Өйткені 15-25 жыл бойы бір мекемеде жұмыс істеу – қалай болса да кері әсерін тигізеді. Есепші де, орынбасарларың да, мектеп те ертең туысың болып кетеді. Содан адам ешқандай тиімді шешім қабылдап, білім сапасын қамтамасыз ете алмай қалады. Әрине 20 емес, 30 жыл бір орында жұмыс істесе де, қызметке келгеніне бірінші күн болғандай тиімді іс атқаратындар бар. Бірақ мұндай директорлар бір-екеу ғана", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Мәжіліс депутаты директорлар үшін 7 жылдық кезеңнің жұмыста тиімділікті арттыру үшін енгізілгенін айтады. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Баланы 5 жаста мектепке беру ерте, ерекше балаларды 8-9 жасынан оқытуға болады


"Қазір мектеп директорларының 7 жыл сайын ауысып отыруы қалыпты жағдай. Кей азаматтар "Мен осы мектепке көп еңбек сіңірдім, неге басқасына ауысуым керек?" деп айтады. Директорларды ешкім жұмыстан шығарып тастап жатқан жоқ, тек басқа мектепке ауысады. Шын мәнінде, олардың жұмысы ұшан-теңіз. Бірақ басқа мектепті де дәл осылай көтеру аса маңызды. Бұл шешім біреуге ұнайды, енді екіншісіне ұнамай жатады", – деді депутат. 

Мұнымен қатар ол әр үш жыл сайын аттестациядан өте алмаған директорлардың қызметтен кететінін еске салды. 

Серіктестер жаңалықтары