Белгілі тілтанушы ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы "Ана тілі" басылымына берген сұхбатында қазақ терминологиясының мәселелерін қозғап, оның қолданысындағы кемшіліктер туралы айтты.
Оның сөзінше, терминология саласы бойынша дайындалған еңбектер әртүрлі, оларға монография, диссертация, ғылыми мақала, оқулық, оқу құралы, әдістемелік құрал, сөздік және тағы басқалар жатады.
"Олардың әрқайсына қойылатын талаптар болады. Мысалы, монография, диссертация, ғылыми мақала негізінде зерттеу тақырыбы, қарастырылып отырған мәселе жан-жақты зерделеніп, жиналған қажетті тілдік деректер талдана отырып, ғылыми-теориялық, практикалық мәні бар қорытынды жасалуы керек", – деді ғалым.
Тілтанушының сөзінше, терминологиялық сөздіктің типіне қарай белгілі сала терминдерінің анықтамасы, мағынасы, аудармасы, этимологиясы нақты көрсетілуге тиіс.
"Мәселен, терминдердің сөздіктерде берілуі, ресми бекітілуі мен қолданысындағы кемшіліктерге келсек, кейінгі 30 жылда бір ғана медсестра терминінің медбике, медбибі, мейірбике, мейірбибі, мейіркеш, мейірбикеш, аяжан, хайрия сияқты 8 нұсқада, ал истец деген заң терминінің талапкер, даугер, қуынушы, қуынымшы, талап қоюшы, дауталапшы түрінде әр сөздікте әр түрлі беріліп, қайта-қайта бекітілуін айтсақ та жеткілікті болатын шығар. Мұндай жарыспалылық, термин қолданысындағы тұрақсыздық болған жерде жұрт қай сөздікті пайдаланарын, терминкомның қай шешімін басшылыққа аларын білмей дал болады",
Айналып келгенде лексикографиядағы, терминдерді үйлестірудегі мұндай жүйесіздік, бірізділіктің сақталмауы ұлт тілінің, ғылым тілінің, оның терминдер қорының беделіне нұқсан келтіреді.
Домофон, мантоварка, шлагбаум. Тұрмыстық заттарға қазақша балама тапқандар марапатталады
"Ифтар емес – ауызашар, сухур емес – сәресі". Бас мүфти діни терминдерді қазақша айтуға шақырды