Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында ауыл оқушыларының мәселелеріне тоқталды.
Оның айтуынша, ауыл мектебін бітірген балалардың жетекші шетелдік ЖОО-ға оқуға түсуге мүмкіндігі бола бермейді. Себебі қосымша білім беретін немесе шетелдік университеттерге түсуге көмек көрсететін орталықтың басым дені ірі қалаларда орналасқан. Көбі ақылы, жекеменшік.
"Сол үшін ауылдағы ағайын жоғары сынып оқитын баласын қалаға жіберуге тырысатынын байқаймыз. Бұл үрдіс ауыл халқының санының азаюына әкеліп отыр. Тәуелсіздік алғалы 1 500-ге тарта ауыл жабылды. Қазіргі қалғаны – 6 мыңнан аса ауыл. Оның 30-40 пайызының әлеуметтік-экономикалық халі мүшкіл. Сондықтан ауылдарды тұрақтандыру, жастарды ауылға әкелу, елден шыққан баланың туған жеріне қайта оралуына жағдай жасау бағытында осы бастаманы көтердім", – деді Ерболат Саурықов.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы ауыл тұрғындарына 16,7 мың микрокредит беріледі
Алайда, бұл мәселе толық шешілмеген. Депутат оның бірнеше себебін атады:
- Ауыл мектептері интернетпен толық қамтылмаған. Мысалы, Мойынқұм ауданында (Жамбыл облысы – ред.) 26 мектеп бар. Аудан орталығында орналасқан 3 мектепте интернет қуаты орташа деңгейде болса, шалғай ауылдардағы мектептерде интернет қуаты небары 6-8 мбит/с. Көп мектепте 1 ғана компьютер интернет желісіне қосылған.
- Кадр тапшылығы. Әдепкіде облыс орталықтарындағы арнайы мектептердің (ЖОО-ға дайындайтын білім беру нысандары) филиалын ауданнан ашу ұсынылған. Алайда аудандарды маман тапшылығы бар, сондықтан жобаны жүзеге асыруға кешеуілдеді.
- Қосымша сабақтар жетіспейді. Елді мекендегі мектептерде жоғары сынып оқушыларын Назарбаев Зияткерлік мектебі, Дарынды балаларға арналған мектептер желісі мен "Білім-Инновация" лицей-интернатына дайындайтын қосымша сабақ жоқ.
"Оған тағы да маман тапшылығы кедергі. Мектептің өзіне педагогтер жетпей тұрған уақытта қосымша сабаққа мұғалім табу оңай емес. Сондықтан аталған себептердің түйіні тарқамай, ұсыныс жүзеге аспайтын секілді", – деді Ерболат Саурықов.