Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты әр облыста кемі 3-4 ауданаралық мамандандырылған ХҚКО ашуды ұсынды

Ғани Хамзин аудан орталықтарынан облыс орталығына дейінгі қашықтық тым алыс екенін алға тартты.

Соңғы деректер бойынша, 8,5 миллионға жуық азамат облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда тұрады. Бұл олар тұратын қалалардағы спеццондарға қолжетімді адамдар. Ал, қалған 10,5 млн адам қызметтер алу үшін облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ғани Хамзин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Депутаттың мәлімдеуінше, жыл сайын 18 жасқа толған жүздеген мың қазақстандық автокөлік жүргізу құқығына ие болады.

"Мысалы, Үржарда тұратын жас жігіт жүргізуші күәлігіне емтихан тапсыру үшін Өскеменге дейін 480 шақырым жол жүруі керек. Жалпы алғанда, егер бұл адам таңертең келіп, практикалық және теориялық емтихандарды тапсырса, сол күннің соңына дейін құжатын ала алады. Бірақ, ол үшін бір күн бұрын Үржардан шығып, ақшасы болған жағдайда, таксимен кемінде 8 сағат жол жүріп келуі керек. Содан кейін кем дегенде 2 түнге қонақүй  немесе пәтер жалдауы қажет. Өйткені келесі күні ол таңертең ерте кетеді, ал кешке кері сапарға шығу қауіпті. Бұл уақыт үміткердің жолы болып, емтиханды бірден тапсырған жағдайда ғана жеткілікті. Ал емтиханды тапсыра алмаса, бір жетіден кейін тағы да осыны қайталау қажет", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: Жеңілдетілген автонесие: Көлік бәріне жете ме?


Ғани Хамзин мұндай жағдай тек Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, өзге де аймақтардағы көлік жүргізу куәлігі жоқ адамдарға да қатысты екенін алға тартты. Мәселен, Қарағандыдан Жезқазғанға дейін – 528 шақырым, Оралдан Бөкейордаға дейін – 550 шақырым, Арқалықтан Қостанайға дейін – 465 шақырым. Депутат бұл аудан орталықтарынан облыс орталығына дейінгі орташа қашықтық екенін айтады. Ал 2 млн-нан астам тұрғыны бар Түркістан облысының тұрғындары Шымкент пен Алматыға баруға мәжбүр, өйткені бүкіл облыста, тіпті Түркістанда сертификатталған автодром жоқ.

"Жақында ғана әлеуметтік желіден Шымкент қаласына жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға келген азаматтардың мамандандырылған цонның есігіне сыймай дуалынан секіріп кіргенін көрдіңіздер. Бұл халыққа қызмет көрсету емес, бұл халықты мазақ етіп, қорлау",– деп толықтырды депутат.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 10 млн теңгеге қандай көлік сатып алуға болады?


Ғани Хамзин барлық адамның көлік жүргізуге құқылы екенін атап өтті. Айтуынша, қазір автокөлік сән емес, күнкөріс қаражатын табуға көмектесетін құрал болып отыр. Осы мәселелерді айта келе депутат "Ақ жол" депутаттық фракциясының ұсынысын жеткізді:

  • Қолданыстағы тәртіпті қайта қарап, жергілікті тұрғындардың тығыздығы мен елді мекендердің ара қашықтығын, қатынау мүмкіндігінің халыққа қолайлылығын ескере отырып, әр облыста кемінде үш-төрт ауданаралық мамандандырылған ХҚКО ашу;
  • Өз автодромы бар немесе оны салуға дайын кәсіпкерлерге жүргізуші куәлігіне тапсыруға практикалық емтихандар үшін қызмет көрсету мүмкіндігін ұсыну. 

Оқи отырыңыз: Айыппұл төлемес үшін көлікке газ қондырғысын қалай орнату керек?


 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары