Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
"Біріншіден, заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану процесінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұнда біз пайдаланушылардың құқықтары мен бостандықтары, олардың жеке деректері туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар жаңа технологияны пайдалану кезінде барлық процестің ашықтығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру өте маңызды. Екіншіден, заң осы саладағы әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті және ашық "ойын ережелерін" жасайды. Бұл құқықтық сенімділікті қамтамасыз етеді, жасанды интеллект технологияларына деген сенімді арттырады және инвестицияларды тартуға ықпал етеді", – деді депутат Екатерина Смышляева.
Бұдан бөлек заң жобасы экономикада жасанды интеллектті енгізу кезінде мемлекеттің рөлін айқындайды. Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы.
"Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Аспаптық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді", – деді депутат.