
Қазақстанда марқұмдарды жерлеу ісіндегі олқылықтарды көтерген сенатор Андрей Лукиннің сауалына жауап берген үкімет басшысы Олжас Бектенов жерді заңсыз бөлу және сатумен айналысқандарға әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілетінін хабарлады.
Премьер-министрдің түсіндіруінше, Жер кодексінің 3-бабына сәйкес, әрбір қайтыс болған жанға сол мекен еткен елді мекенге тиесілі зираттан кемі 6 шаршы метр жер тегін беріледі.
Ал жерлеуге қатысты қызметтерді Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, әрбір қызмет көрсетуші өзі белгілей алады. Бұл ретте жерлеу қызметтері әлеуметтік маңызды қызметтер санатына жатпайтынын ескеру керек. Сәйкесінше, бұл саладағы кәсіпкерлер қызмет бағасын өзі белгілейді.
Дегенмен, үкімет басшысы зираттарда жерді заңсыз бөлу мен сатуға әкімшілік жауапкершілікті күшейту мақсатында бұл мәселе заңнамаларға тиісті өзгерістерді енгізу арқылы шешілетінін алға тартты.
Еске салайық, дәл осы депутаттық сауалға берген жауабында Олжас Бектенов Қазақстандағы зираттар мен қорымдар жекенің қолына өтпейтінін айтты. Үкімет басшысы "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға сәйкес, жалпы қолданыстағы мемлекеттік мүлікке алаңдар, жүргінші жолдары, көшелер, қоғамдық парктер, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен ғимараттар жататынын алға тартып, зираттар мен қорымдардың жекеменшікке өтпейтінін атады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы зираттар мен қорымдар жекешелендіріле ме? Үкімет жауабы