Тікелей эфир

"Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп". Жаңбыршин "Самұрық-Қазына" қорын сынға алды

Ол баға демпингіне шектеу қоюды ұсынды.

Депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Маңғыстаудағы мәселені тез арада қолға алуды сұрады.

"Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиі орын алуда. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшылар, өңірде өз мәселелелері шешілмегесін Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын", – деп еске алды депутат.

Сонымен қатар, ол сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компания "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының" ереже талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданғанын еске салды. Оның айтуынша, жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен жұмысшылар жұмыссыз қалайын деп отыр.


Оқи отырыңыз: Астанада ұсталған жаңаөзендік 126 жұмысшының бесеуіне әкімшілік іс қозғалды


"Мысалы, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектелген серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда, жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала алмай қалса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе 90 пайыз жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады", – деді депутат.

Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жетінші шақырылымында да Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенін ескертті.


Оқи отырыңыз: Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарды арандатуға ермеуге, ел тыныштығын бұзбауға шақырды


Депутаттың мәлімдеуінше, сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар:

  • тендерлердің әділетсіз өтуі;
  • жемқорлық;
  • тарифтердің төмендігі;
  • баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр.

"Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр", – деген депутат Үкімет басшысына келесі мәселелерді шешуді ұсынды:

  • Баға демпингіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек;
  • Сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешу, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет;
  • Тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады;
  • Тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қарау;
  • "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" және оның портфельдік компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасауын талап ету.

Биыл Жаңаөзенде жұмысынан айрылған мұнайшылар Астанада наразылық акциясын өткізген еді:

Серіктестер жаңалықтары