Қазақстан Республикасы премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
"Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды", – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болып, 9 адам қайтыс болды.
Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты