Тікелей эфир

"Маңғыстауда алаңға шыққандар жауапқа тартылмайды". Үкіметтік комиссия келіссөз шешімін жариялады

Үкіметтік комиссия Ақтау қаласының бастамашыл тобымен келіссөз жүргізді.

Үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесті. Кездесуде қаладағы бастамашыл топпен жүргізілген келіссөзде қабылданған шешімдер жарияланды, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.

"Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды. Сондай-ақ алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпауға кепілдік берілді",– деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар тараптар туындаған барлық мәселені сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келіскен.

Еске салайық, Маңғыстау облысының халқы газ бағасын түсіруді талап етіп, наразылыққа шығып жатыр. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылып, Ақтауға келді.

Серіктестер жаңалықтары