Тікелей эфир

Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеуге арналған үкіметтік комиссия құрамында кімдер бар?

Үкіметтік комиссия өңірге келіп, жұмысқа кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған үкіметтік комиссия Ақтауға келді, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.

"Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты",– деп жазылған хабарламада.

Комиссия барлық тарапты қанағаттандыратын өзара қолайлы шешім қабылдау үшін өзекті мәселелерді жан-жақты және жүйелі түрде қарайды.

Бүгін таңертең президент комиссияның жұмысы басталғаны туралы Twitter-дегі парақшасында хабарлаған еді.

"Құрамында Президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс",– деп жазды президент.

Айта кетейік, Маңғыстау облсының халқы газ бағасын түсіруді талап етіп, наразылыққа шығып жатыр. Кеше олармен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кездесті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрлан Ноғаев жиналғандарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сұйытылған мұнай газ бағасын төмендетуге қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді. 

Облыстың АГҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Нұрлан Ноғаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АГҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеу бастағанын айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі жиналғандарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне жол бермеуге шақырып, кез келген мәселені тек сындарлы диалог арқылы шешуге болатынын атап өтті.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары