Мәдениет министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын реттейді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ал Оқу министрлігі мектептерде дінтану курстарын күшейтеді.

Мəдениет жəне ақпарат министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын заңнамалық реттеу мəселесін қарастыруда, деп мәлімдеді бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаттарына берген жауабында

Оның айтуынша, онлайн-платформалар мен масс-медиада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу, зайырлы мемлекеттегі дін, киберқауіпсіздік, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, қазақ мəдениетінің дəстүрлі құндылықтары туралы ақпараттық-түсіндіру контенттері жарияланып жатыр. 

"Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сəйкес орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылынан бастап 9-сыныпта "Зайырлылық жəне дінтану негіздері" міндетті вариативтік курсы 11 сағат көлемінде оқытылуда. Онда білім алушылар зайырлы мемлекет, діннің қоғам өміріндегі орны, жалған діни жəне деструктивті діни ағымдардың əсер ету қаупі туралы көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған тақырыптарды меңгеруде. Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің мəліметі бойынша жоғары оқу орындарында дін саласында білім беру бағдарламасы əзірленіп, енгізілуде", – делінген бас прокурордың жауабында. 

Еске салайық, Атырау  облысында төрт қыздың бет-жүзін тұмшалап, арабша жазуы бар Қазақстан туымен суретке түсіп, қоғам наразылығын тудырған болатын. Олар және олардың заңды өкілі саналатын ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылып, түрлі мөлшерде айыппұл төледі

Ал арабша жазуы бар ту Ozon маркетплейсінен алынды. Сондай-ақ, маркетплейстің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiндегi ұсыныс хат жолданды.


Оқи отырыңыз: Тудағы арабша жазу: Кінәлілер қанша айыппұл төледі


 

Серіктестер жаңалықтары