Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Иветт Купер Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлерін Ланкастер-хаус резиденциясында қабылдады. Бұл – Ұлыбританияның аталған форматтағы алғашқы кездесуі.
Іс-шара Ұлыбритания мен Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды дамытудағы маңызды қадам болды. Кездесу қауіпсіздік, сауда және білім беру сияқты негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтты.
Кездесу барысында Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Иветт Купер Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен әңгімелесу кезінде Ұлыбританияның Қазақстан егемендігін қолдауға деген өзгермейтін ұстанымын тағы да растады. Тараптар сондай‑ақ сауда‑экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған жаңа шараларды қабылдауға келісті.
"Орталық Азия – экономикалық өсімді жеделдетуге зор әлеуеті бар маңызды өңір. Қол қойылған келісімдер британдық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, экономикалық қауіпсіздікті нығайтады және Ұлыбританияның Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігін қолдауға деген берік ұстанымын айқын көрсетеді", – деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Иветт Купер.
Негізгі келісімдер:
2028 жылға дейінгі критикалық минералдар жөніндегі жаңа жол картасына қол қою.
Құжат Ұлыбританияның Қазақстанның тау-кен және критикалық минералдар секторларындағы белсенді қатысуын кеңейтуге бағытталған. Сондай‑ақ ол тау-кен саласындағы ашықтықты арттыруды, инвестиция тарту үшін ESG стандарттары бойынша жағдайларды жақсартуды, сондай-ақ бірлескен британ‑қазақстандық зерттеулер мен инновацияларға қосымша мүмкіндіктерді көздейді.
Жаңа білім беру серіктестіктерінің іске қосылуы туралы жариялау, оның ішінде:
- 2026 жылдың қыркүйегінде Алматыда Ковентри университетінің жаңа кампусының ашылуы (инженерлік мамандықтар);
- Heriot-Watt University мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасындағы ынтымақтастықты кеңейту;
- Астана қаласында Кардифф университетінің базасында жаңа жасанды интеллект орталығын құру;
- Алматы қаласында Charterhouse мектебінің ашылуы.
Реактивті қозғалтқыштар өндірісі үшін маңызды элемент саналатын ренийді қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру.
Бұл жоба Ұлыбританияның Maritime House компаниясы мен Қазақстанның "Жезказганредмет" мемлекеттік кәсіпорны арасында жүзеге асады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда әлемдік қайта өңделген ренийдің 25 пайызына дейін өндіре алады.
"Орталық Азия – британдық бизнес үшін орасан зор әрі әлі толық игерілмеген мүмкіндік. Қазақстандағы критикалық минералдардан бастап жоғары білім саласындағы әлемдік деңгейдегі серіктестіктерге дейін – біз аймақтағы сенімді, ұзақ мерзімді серіктес ретіндегі рөлімізді нығайтып, жеткізу тізбектерін әртараптандырып, британдық компаниялар үшін жаңа нарықтар ашып отырмыз", – деді сауда министрі Крис Брайант.
Бұл өңірлік формат екіжақты серіктестікті толықтыра түседі. Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік ұзақ жылдарға созылған және айрықша маңызды. Ұлыбритания Қазақстан экономикасына ең ірі он инвестордың қатарына кіреді, екіжақты сауда көлемі 2,7 млрд фунт стерлингті (3,7 млрд АҚШ долларын) құрайды. Сонымен қатар төрт британдық университет Қазақстанда өз филиалдарын ашқан, бірлескен білім беру бағдарламалары мен академиялық дәреже беру жобаларының саны артып келеді.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07

