"Кран", "Хватай-ка", "Grabber". Үкімет автоматтар мен жүлделерді сертификаттауды міндеттемек

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сондай-ақ, автоматтарды орналастыру орындары бойынша шектеу енгізіледі.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенат депутаттарының сауалына орай, ойын-сауық орталықтарында көбейіп кеткен "Кран" сияқты автоматтарды орналастырудың заңдылығына қатысты жауап берді

Депутаттар бұл автоматтардың санитарлық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен  басқа да талаптарды белгіленбегенін алға тартып, ұтыс ретінде берілетін ойыншықтардың сапасына да алаңдаушылық білдірген болатын. 

Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда "Кран" ("Хватай-ка", Crane Machine, Claw Machine, Grabber) сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас.

"Алайда қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр", – деді премьер-министр. 

Түзетулер тізімі: 

  • автоматтарды орналастыру орындары бойынша шектеу енгізу; 
  • автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау; 
  • ұтыс ықтималдығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға тыйым салу; 
  • автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдарды анықтау; 
  • тұтынушыларға автоматтардың жұмыс принципі және жүлделердің құны туралы ақпарат беру жөніндегі міндет, сондай-ақ басқа да өзгерістер. 

"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай (Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур) "Кран" сияқты автоматтар "ойын-сауық аппараттары" санатына кіреді және техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекшеленеді. Автоматтар үшін жүлденің құнына, оларды тіркеу тәртібіне қойылатын талаптар бар, жасырын алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген", – деді Олжас Бектенов. 

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары