VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы медальдар есебіне қатысты дау туындады. Осыған байланысты Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі ресми мәлімдеме жасап, жарыста елдер арасында ресми медальдар есебі жүргізілмейтінін хабарлады.
Бұған дейін ойындардың қорытындысында қай елдің бірінші орын алғаны белгісіз болып, әлеуметтік желіде пікірталас пайда болған еді.
Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама 32 алтын медальмен бірінші орын алған. Алайда Көшпенділер ойындарының ресми парақшаларында Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұрғаны туралы ақпарат жарияланып, кейін бұл жазба өшірілген.
Ұйымдастырушы тараптың мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі мақсаты мемлекеттер арасындағы бәсекелестікті көрсету емес. Жарыстың тұжырымдамасы халықтарды біріктіруге, достықты нығайтуға, сондай-ақ этноспорт пен мәдени мұраны насихаттауға бағытталған. Осыған байланысты ойындарда ресми медальдар кестесі мен жалпы командалық рейтинг жүргізілмейді.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасын құттықтаған болатын.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 6 қыркүйекте аяқталды.