"Көлік тұрағын тартып алмақшы". Алматыдағы "оптовка" базарының саудагерлері әкімдікке наразылық білдірді

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Саудагерлердің сөзінше, әкімдік иелік еткісі келіп отырған көлік тұрағы базардың күре тамыры іспетті. Егер одан айырылса, бұл жердегі бүкіл кәсіп тоқтайды.

Алматыдағы "Оптовка" атымен танымал "Барыс-4" базарынан әкімдік көлік тұрағын тартып алмақшы. Жергілікті билік аумақ белгіленген мерзімде қайтарылмаса, оны мәжбүрлеп босатуға дайын екенін ескертті. Ал наразы саудагерлер "не болса да, өліспей беріспейміз" деп отыр. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

Әкімдік көз тіккен 23 сотық жер – базардағы басты тақырыпқа айналған. Жергілікті билік бұл аумақтағы көлік тұрағын қайтарып алуға бел буғалы, саудагерлер алаңдаулы. Өйткені олар күнделікті табыстың тұрақпен тікелей байланысты екенін айтады. Онсыз көтерме сауда тоқтайды дейді.

Саудагерлердің сөзінше, әкімдік иелік еткісі келіп отырған көлік тұрағы базардың күре тамыры іспетті. Егер одан айырылса, бұл жердегі бүкіл кәсіп тоқтайды. Себебі 30 жылға жуық уақыт бойы тауар дәл осы аумаққа келіп, осы жерден жөнелтіліп отырған.


Оқи отырыңыз: "Денем бөртіп, ауруханаға түстім". Абай облысында тұрғындар қоңызға шағымданды


Даулы аумақты қайтаратыны жайлы базар әкімшілігі бір апта бұрын ғана білген. Белгілі болғандай, бұл жерді кәсіпкерлер мемлекеттен жалға алған екен. Алайда әкімдік былтырдан бері жалға беру келісімшартын ұзартпаған.

"Содан кейін бізді сотқа береді де, содан "исполнительный лист" соттың шешімімен келеді. 14 мамырда жіберіп, 19 мамырға дейін уақыт берді", – дейді "MARKET RENT COMPANY" ЖШС директоры Самат Нұршабаев.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 2021 жылы әкімдік пен базар арасында жасалған келісімшарт заң талаптарына сәйкес болмаған. Жерді жалға беру кезінде конкурс өткізілмеген. Сол себепті келісімшартты жалғастыру мүмкін болмаған.

"Әр қазақстандық өз құқығын қорғай алады. Бұл жағдайда да азаматтар тиісті органдарға жүгінуі тиіс. Жауапты басқармалар өтінішті қарастырады. Бірақ дәл қазір базар 23 сотық жерді мемлекетке қайтаруы тиіс", – дейді Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Дархан Темір. 


Оқи отырыңыз: Шымкентте белін емдетуге емшіге барған әйелдің омыртқасы сынған                                                                    


Алайда саудагерлер қандай жағдай болмасын, тұрақтан айырылмауға бекініп отыр. "Жалғыз күнкөріс көзіміз осы" дейді олар.

Серіктестер жаңалықтары