Шымкентте белін емдетуге емшіге барған әйелдің омыртқасы сынған

Бастапқыда дәрігерлерге сенбеген әйел, ақыры ауруына ауру қосып, емдеу мекемесінен бір-ақ шыққан.

Шымкентте белі ауырып барған әйелді емші балғамен ұрып емдеген. Соның салдарынан науқастың омыртқасы сынып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, халық еміне жүгінемін деп ауруын асқындырып алған тұрғын жүре алмай, ауыр халде жеткізілген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Аяқты жіпке байлап, аспаннан төмен асып қою, бел мен мойынды бұрау, тіпті балғамен ұру – бұл халықтық медицинаның әлеуметтік желілерде жиі жарнамаланатын түрлері. Алайда оның пайдасынан гөрі зардабын тартып жатқандар да бар.

"Науқастың айтуынша, оны кереуетке жатқызып, беліне үлкен ағаш қойып, сол ағашты балғамен ұрған. Осы әрекеттен кейін ол қатты ауырсыну сезінген, екі аяғы жансызданып қалған. Емші "ертең қайта келіңіз" деген соң, ауыр жағдайда үйіне қайтып кеткен. Келесі күні жедел жәрдеммен бізге жеткізілді. Тексеру нәтижесінде омыртқасының сынғаны анықталды", – дейді Шымкент қаласы №2 ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Бастапқыда дәрігерлерге сенбеген әйел, ақыры ауруына ауру қосып, емдеу мекемесінен бір-ақ шыққан. Науқас интернеттегі жарнамаға сеніп барған көрінеді. Қазір жағдайы жақсарып қалған. Жалпы, белі ауырып, қиналған жандардың көбі алдымен халық емшілерін жағалайтыны жасырын емес.


Оқи отырыңыз: Балгер мен көріпкелге сенудің Исламдағы үкімі қандай


Халық емшілері қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева белді балғамен ұрып емдеу мүлдем дұрыс емес екенін айтады. Оның пікірінше, бұл ауруды массаж арқылы жеңілдетуге болады. Сондай-ақ, арнайы сертификаты жоқ емшілердің де көбейіп кеткенін жасырмайды.

"Остеохондроз – қан айналымының бұзылуынан, ұзақ отырудан, қозғалыстың аздығынан пайда болады. Бұл дертті емдеу үшін омыртқаны созу, арнайы жаттығулар жасау қажет. Біз массаж жасаймыз. Сертификат алу үшін қолдағы биоэнергияны тексереді. Бізді де тексерген. Алайда құжатсыз ем жүргізетін адамдар көп. Солардың кесірі бізге тиеді", – дейді халық емшісі Мәриям Досбалаева.

Ал дәрігерлер қазіргі отандық медицинаның мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Бүгінде кез келген ауруды дәрімен де, отамен де емдеуге болады. Сондықтан білімі жоқ, дипломсыз емшілерге сенбеуге кеңес береді.


Оқи отырыңыз: Бас ауырып, балтыр сыздаса, бірден балгерге баратындар көбейді. Бұл медицина дәрменсіздігінің белгісі ме?


 

Серіктестер жаңалықтары