
Бұрынғы су шаруашылығы (нақты атауы – Мелиорация және су шаруашылығы) министрі Нариман Қыпшақбаев Арал теңізін сақтау үшін Көкарал бөгетін 2 метрге көтеруді ұсынды, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сарапшының пікірінше, Кіші Аралға 30 млрд текше метрден артық су жиналмайды.
"Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес. Су мол келгеннің өзінде 30 млрд-тан артық жинай алмаймыз. Себебі, Сырдарияның жалпы су көлемі 37 млрд текше метр. Бүгінгі таңда өзен бойындағы 4 мемлекеттің суға деген сұранысы 3 есе артып кетті. 100 млрд су сұрап отыр. Халық саны көбейіп жатыр, жаңадан зауыт-фабрикалар салынуда, елді мекендер бой көтеруде. Одан артық су келеді деген бос әңгіме", – деді Нариман Қыпшақбаев.
Бұл ретте ардагер Сырдария өзенінің су көлемі тұрақты емес екенін алға тартты. Тіпті 4-5 жыл қатарынан суы аз жылдар циклі қайталанып отырған.
"Мен "Кіші Арал" жобасын 1988 жылы бастағанмын. 2006 жылға дейін Арал теңізінен бірде-бір шабақ ауланған жоқ. Балықшылардың бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Біз 12 шақырым бөгетті салғалы теңіздің су тұщыланып, қазір жылына 8-10 тонна балық аулайтын болды. Арал қаласында 8 балық зауыты салынды. Яғни, бөгет өзінің керек екенін дәлелдеді. Енді тек сол бөгетті 2 метрге көтеріп, беріктігін нығайту керек", – деді маман.
Оқи отырыңыз: Үш айда Кіші Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді. Биылға болжам қандай
Еске салайық, биыл Көкарал бөгетін нығайтуы жұмыстары басталады. Соған орай, Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының бірнеше нұсқасын пысықтап жатыр.
Осыған қатысты Арал ауданының тұрғындарымен қоғамдық талқылаулар өтті. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына, судың тұздылығының төмендеуіне және теңіз бассейніндегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.
Әзірге белгілісі – гидронысанның су үңгіп тастаған бөлігі таспен бекітіледі. Одан бөлек, өңірде 56 шақырым магистральды су арнасы тазартылып, 60-тан астам су қондырғысы жөнделеді.