Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кипрде пышақ шабуылынан зардап шеккен Жанерке Абдразаковаға қатысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, Жанерке Абдразакова Қазақстанда дүниеге келгенімен, Қазақстан азаматы емес.
"Мәліметтерді нақтылау барысында зардап шеккен азаматтың Қазақстанда туғаны, алайда оның Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды", – делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, шабуыл бүгін шамамен сағат 11:45-те Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде болған. Белгісіз себеппен ер адам бойжеткенге пышақпен шабуыл жасап, оны өлтірмек болған. Одан кейін өзіне де пышақ жарақатын салған.
Екеуі де дәрігер Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша, Жанерке ауыр халде жатыр, дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ал шабуыл жасаған ер адам да дәрігерлердің бақылауында.