Киберқылмысқа қарсы күрес: 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді

Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz
85 миллион жалған қоңырау бұғатталды.

2025 жылы Қазақстанның киберполициясы шетел аумағында интернет-алаяқтықпен айналысқан 7 call-орталықтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

ІІМ мәліметінше, бүгінде ұрлық пен алаяқтықтың басым бөлігі онлайн кеңістікке көшкен. Қылмыскерлер заманауи интернет-технологияларды пайдаланып, азаматтардың ақшасын алдаудың жаңа тәсілдеріне жүгініп жатыр.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, киберқылмыспен күрес үш негізгі бағытта жүргізілуі тиіс:

  • заңнамалық шаралар,
  • техникалық шаралар,
  • профилактикалық жұмыстар.

Осы бағыттар бірлесіп жүзеге асқан жағдайда ғана киберқылмыстың жолын кесуге болады.

2025 жылы байланыс операторларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Ал жүйе іске қосылғаннан бері 85 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылған. Сонымен қатар қылмыстық топ құру және басқару деректері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі трансұлттық сипатқа ие. Қабылданған техникалық шаралардың арқасында 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, қылмыскерлерден 88 SIM-box алынған.

Полиция азаматтардың құқықтық, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Халыққа алаяқтықтың жаңа түрлері мен одан қорғану жолдары тұрақты түрде түсіндірілуде.

Өткен жылы киберполиция Қазақстан аумағында да 6 call-орталықты жойған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жалған сілтемелерге өтпеуге және банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

Серіктестер жаңалықтары