Тікелей эфир

Қажылық та, қаржы да жоқ: Алматыда туркомпания 20 адамның 60 млн теңгесін қайтармай отыр

Азаматтар ақшадан бұрын қажылыққа бара алмай қалғанына қапалы.

Алматыдан Меккеге үлкен қажылыққа бармақ боп ниеттенген бір топ азамат Er-Ali-Co компаниясына әрбірі 2 200 000 теңгеден шығарып өткізген. 30 маусым күні сапарға шығу үшін Алматы әуежайына келген оларға билет алынбағаны белгілі болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Содан бері алданған азаматтар не қажылыққа атана алмай, не қаржысын қайтара алмай келеді. Солардың бірі, Жетісу облысының тұрғыны Дәулеткелді Жеңісұлы бұрын дәл осы компания басшысы Ерлан Әбдіқасымовпен бірге кіші қажылыққа барған. Соған сенім артып, топ жинап, олардың құжаттары мен ақшаларын өткізген.


Оқи отырыңыз: Түркістан – "Екінші Мекке" атануға, әлемдік туризм ордасына айналуға лайық


"Шілденің бірі күні барғанымызда "бүгін рейс жоқ, екісі күні ұшамыз" деді. Сөйтіп, екісі күні сағат онда жиналсақ, тағы билет жоқ. Барлық қажылар ұшып жатыр, тек біздің топтағы 20 адам ғана ұшпай қалып қойдық", – дейді Дәулеткелді Жеңісұлы.

Бұдан кейін компания басшысы азаматтарды бірнеше рет кеңсесіне шақырып, ақшасын қайтарып беруге, оған қоса кіші қажылыққа тегін апаруға уәде еткен. Алайда сөзі мен ісі үйлеспепті. Соңғы рет 25 шілде күні кездесуге шақырып, ақшаларын қайтаратынын айтқан. Бірақ, бұл күні алданған азаматтар кеңседен жан баласын таппаған. Ал қазіргі таңда кеңседен компания атауы жазылған маңдайша да алынып үлгерген.


Оқи отырыңыз: Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес


Бірақ, Er-Ali-Co ЖШС басшысы Ерлан Әбдіқасымов 31 арна тілшілерінің телефон қоңырауына жауап берді.

"Екі мың доллардан қайтарған. Енді қазір қалған қаржылардың бәрін қайтарады. Бөліп-бөліп тастайды. Жиырмасына, одан кейін айдың аяғына дейін толық жабады", – деді ол.

Дегенмен уәдеден шаршаған азаматтар бұған сенер емес. Бірақ, бәрінен бұрын қажылыққа барамыз деген жоспар орындалмай қалғанына қапалы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары