Осы жылдың 15-26 қаңтары аралығында ел аумағында "Тұрмыс" алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
"Іс-шара қорытындысына сай полицияда отбасылық, тұрмыстық жанжал туралы 4 мыңнан астам хабарлама тіркелді. Соның 1,5 мыңын полиция қызметкерлері өздері үйлерді аралау барысында анықтады. Іс жүзінде агрессорлардың барлығы немесе 95 пайызы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.
ІІМ өкілі отбасылық жанжалдың негізгі себебі маскүнемдік, лудомания, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және соның салдарынан отбасы институтының жоғалуы екенін айтады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қамауға алынғандар саны артты
"Осындай зорлық-зомбылықтың себептерін уақтылы анықтау және жою үшін алдын алу іс-шаралары қолға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бұрын полицияның назарына түскен 39 мыңға жуық адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қауіптілік деңгейін анықтау үшін 3 669 отбасыдан сауалнама алынды. Сауалнама нәтижесінде 559 отбасында қайта құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары екені анықталды. Сондай-ақ құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін психокоррекциялық курстардан өз еркімен өту ұсынылды. Өмірлік қиын жағдайдағы 675 отбасы, оның ішінде қолайсыз әлеуметтік ортадағы зорлық-зомбылық белгілері бар балалары анықталды. Олар туралы көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілді", – деді Ақмарал Серікбаева.