Тікелей эфир

"Қазақфильм" киностудиясының аумағы қытайлық көліктердің тұрағына айналды

Кино орталық бір мезетте қытайлық көліктердің тұрағына айналды.

Әлеуметтік желіде "Қазақфильм" киностудиясының аумағында жаңа автокөліктердің тұрғандығы туралы ақпарат тарады.Тіпті, желі белсенділері киностудия басшысы Азамат Сатыбалды өзінің жеке парақшасында жарнамалаған темір тұлпарлар болуы да мүмкін деп топшылауда, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Кино орталықтың бизнес ордасына айналғанына қатысты наразы жұрттың пікірі сан түрлі. Осы шудан кейін "Қазақфильм" киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды сырттан келген көліктердің неліктен "Қазақфильм" аумағында тұрғанын түсіндіріп берді.


Оқи отырыңыз: "Қазақфильм" басшылығы киностудияны жабу жөніндегі пікірлерге жауап берді


Оның айтуынша, киностудия осыған дейін мемлекеттен ешқандай қаражат алмаған және жұмысшылардың жалақысын төлеу үшін әрдайым бос тұрған орындар жалға беріліп келген. Ал аумақта тұрған қытай көліктері әкімдіктен тендер жеңіп алған таксопаркке тиесілі екен. Сонымен бірге, қазір жалға беру құнын көтеріп, жұмысшылардың жалақысын реттеу де көзделіп отырғанын айтты.

"Бұл – заң бұзушылық емес, біз коммерциялық ұйымбыз. Біз мемлекеттен бір тиын ақша алмай, өзіміздің жұмыскерлерімізге айлық тауып беруіміз керек. Қазір адамдардың барлығын шулатып, айлық төлемей отырғаннан гөрі осындай шешім шығарып, "Қазақфильмнің" жалпы оларды қысқартудан аман-есен сақтап қалу керек. Менің жарнамалаған қытай көлігінің бұған ешқандай қатысы жоқ", – деді Шәкен Айманова атындағы "Қазақфильм" АҚ Президенті Азамат Сатыбалды.

Серіктестер жаңалықтары