Тікелей эфир

"Қазақфильм" басшылығы киностудияны жабу жөніндегі пікірлерге жауап берді

"Қазақфильм" АҚ вице-президентінің айтуынша, киностудияны мемлекет тікелей қаржыландырмайды.

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ вице-президенті Серік Әбішев "Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұхбатында киностудияны жабу туралы айтылып жүрген пікірлерге жауап берді. 

Серік Әбішевтің айтуынша, Digital Almaty халықаралық форумында продюсер, "Ирина Кайратовна" тобының жобаларын жасап жүрген Алмас Жәли: "Мемлекет "Қазақфильмге" жыл сайын қаражат бөледі, бірақ нәтижесін көрмей жүрміз. Бүйткенше, сол киностудияны жауып тастау керек", – деген пікір білдірген. 

"Шынына келсек, 2019 жылдан бері "Қазақфильмді" мемлекет тікелей қаржыландырмайды. Айлығымызға, салықтарымызға, коммуналдық тө­лем­дерімізге ешқандай қаражат бермей­ді. Біз ақшаны "Қазақфильмнің" қара­мағындағы павильондар, техникалық жабдықтар, цехтар, костюмдер және тағы басқа заттарды жалға беру арқылы табамыз. Киноға берілетін қаражатты басқа да жекеменшік киностудиялармен тең дәрежеде ашық питчингке қатысып, жобаларымыз жеңген жағдайда ғана аламыз. Сондықтан бұл мән-жайды біл­мей айтылған жаңсақ пікір деп ойлай­мын және "Қазақфильмнің" қажеті жоқ" деген оймен келіспеймін", – деді ол.


Оқи отырыңыз:


Дегенмен, Серік Әбішев "Қазақфильмнің" шешілмей жатқан мәселелері бар екенін мойындайтынын және бұл мәселені өзі де қозғап жүргенін айтты. 

"Бізге жастардың креативті, заманауи ойлары қажет. Дегенмен, тарихы бай "Қазақфильмді" заманауи талаптарға сәйкес жетілдіруге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Қазақ кино өнерінің атағын өткен ғасырдың 70-жылдарындағыдай жаңғыртып, сапалы кино жасау үшін "Қазақфильмге" білікті жас мамандар мен батыл шешімдер керек деп ойлаймын. Осы оймен сол жиында Алмасқа бірге жұмыс істеп, "Қазақфильмді" да­мытуға ұсыныс жасадым. Бірақ, ол бас тартты. Жастарды да түсінуге бо­ла­ды. Компьютерлік әлемде, зама­науи заңдылықтармен еркін жұ­мыс істеп үйреніп қалған, нағыз тәуелсіз Қазақстанның жастарына "Қазақфильмдегі" бюрок­ратия­ға, жұмыс механизміне еніп кету қиын. Осы мәселелерді шешіп, жастарға жол ашу керек", – деді Серік Әбішев.

Серіктестер жаңалықтары