Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтеріп жатқан "Келешек мектептері" үш ауысымды мектептер санын төрт есе қысқартты. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба басталғалы апатты мектептер саны екі есе қысқарған, оған қоса жүзден астам елді мекенде орын тапшылығы мәселесін жоюға мүмкіндік берді.
2020 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн орындық 1,2 мыңнан астам мектеп бой көтерсе, соның ішінде үш жылда 217 мектеп "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында ашылды. Оларда 460 мың оқушы білім алады.
"Жаңа мектептердің арқасында 52 үш ауысымды мектеп пен 12 апатты мектеп жабылды. Бұдан бөлек, жүзден астам елді мекенде орын тапшылығы мәселесі шешілді. Мектептерді салмас бұрын орын таңдауға жіті мән берілді. Туу көрсеткіші жоғары, мектепте орын жетпейтін, апатты не болмаса үш ауысымды мектептері бар, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аймақтарға басымдық берілді. Сондықтан да Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда және Алматы мен Түркістан облысында "Келешек мектептерінің" көптеп бой көтеруі бекерден-бекер емес", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінде.
Жоба Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балалардың сапалы және тегін білім алуға теңдей жағдай жасау мақсатында іске асырылып отыр. Яғни, баланың қай жерде тұратынына, әлеуметтік жағдайының қандай екеніне қарамастан, заманауи жабдықталған, барлық жағдай жасалған мектеп әркімге қолжетімді болуы керек.
"Келешек мектептері" жобасы аясында салынған заманауи ғимаратта білім беруге барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер күнделікті сабағын өткізіп қана қоймай шығармашылықпен де айналыса алады. Сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан ұстаздар сабақ кезінде күнделікті сабақ жоспарын ғана емес, инновациялық әдістерді де қолданады. Бұл әр оқушының теңдей сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сол себепті "Келешек мектептерінің" бір бөлігі болу үлкен мәртебе деп білемін", – деді №51 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күмісай Карипуллақызы.
"Келешек мектептерінің" 40 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Сондықтан да барлық мектеп бірыңғай стандартқа сай салынғандықтан қала мен ауыл мектептеріндегі алшақтық қысқарып келеді.
Бүгінде осындай 183 мектепте 218 мыңға жуық оқушы теңдей білім алып жатыр. Оған қоса, "Келешек мектептерінің" қабырғасында 17 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
"Келешек мектептері" – заманауи инфрақұрылым мен оқушының жан-жақты дамуын ұштастыруға бағытталған жаңа буын білім беру жобасы. Бұл мектептерде тек оқу кабинеттерін жаңарту ғана емес, балалардың қауіпсіздігіне, шығармашылық қабілетін дамытуға және жайлы орта қалыптастыруға басымдық беріледі.
Жобада инклюзивті білім беру талаптары ескеріліп, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін кедергісіз орта қарастырылады. Сонымен қатар кітапханалар, зертханалар, спорт және шығармашылық кеңістіктері бір жүйеге біріктіріліп, мектептің тек білім беретін емес, оқушылардың әлеуметтену орталығына айналуы көзделген.
Экономикалық өсім ауыл мектептерінен бастау алады
Жас мұғалімдердің көбі неге үш жылға жетпей мектептен кетеді? Министр жауабы