"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жүргізушілерді KazToll қызметінің атынан жіберіліп жатқан алаяқтық SMS-хабарламалардан сақ болуға шақырды.
Компанияның мәліметінше, соңғы уақытта азаматтарға ақылы жол берешегін өтеу қажеттігі туралы хабарламалар келе бастаған. Мұндай SMS-терде күмәнді сілтемелер көрсетіліп, пайдаланушылар жалған сайттарға бағытталады.
"ҚазАвтоЖол" өкілдері KazToll жүйесінің жалғыз ресми сайты – kaztoll.kz екенін еске салды. Ал хабарламаларда көрсетілетін басқа интернет-ресурстардың, оның ішінде KazToll атауына ұқсас домендердің компанияға ешқандай қатысы жоқ.
Ведомствоның ескертуінше, мұндай сайттарға кіргенде жеке деректер, банк картасы мәліметтері және қаражат ұрлануы мүмкін.
Осыған байланысты жүргізушілерге күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз сайттарға банк картасының деректерін, ЖСН, құпиясөздер мен SMS-кодтарды енгізбеу ұсынылады. Сондай-ақ төлем жасамас бұрын сайт мекенжайын мұқият тексеріп, ақылы жол қызметтерін тек ресми ресурс арқылы төлеу қажет.
Компания күмәнді хабарлама алған азаматтарға оған жауап бермеуге және жеке деректерін жібермеуге кеңес берді. Қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығы немесе "ҚазАвтоЖолдың" ресми ақпарат көздері арқылы нақтылауға болады.