Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған батысқазақстандық үш сарбаздың денесі туған жеріне жеткізілді.
Облыстық әкімдік мәліметінше, бүгін сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілген. Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады", – делінген ресми хабарламада.
Облыс әкімі мәселені жеке бақылауына алған.
Еске салайық, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні толқын ашық теңізге алып кеткен болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты. Үш сарбаз аман қалған.