Тікелей эфир

Кәрім Мәсімовке сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды

Мәсімовтің ҰҚК төрағасы ретінде құпия келісімшарт үшін шет мемлекеттің өкілдерінен 2 миллион доллар пара алғаны бойынша тергеу жүріп жатыр.

ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімов және басқа да тұлғаларға мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен қозғалған қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Тергеу барысында Мәсімовтің әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды, деп хабарлады ҰҚК.

Отандық бизнес өкілдері мен шетелдік субъектілерден жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, оның ішінде мәдени құндылықтарды, қомақты қаражатты заңсыз алу фактілері белгілі болды.

Атап айтқанда, Мәсімовтің ҰҚК төрағасы ретінде құпия келісімшарт үшін шет мемлекеттің өкілдерінен 2 миллион доллар пара алғаны бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бұл қаражат Гонконгтан Қазақстанның ұлттық банкіне қайтарылады.

Сондай-ақ, Мәсімовтің премьер-министр болған кезінде бизнес құрылымдарының бірінен елордадан құны 2,5 миллиард теңгеге жуық элиталық қонақ үй мен жер телімін алғаны бойынша да тергеу басталды.

Мәсімов ұсталған соң 2022 жылдың қаңтарында бұл қонақ үйден 17,2 миллион доллар қолма-қол ақша, сондай-ақ, көптеген құнды заттар – қымбат сағаттар, алтын құймалар, антиквариат және т. б. тәркіленді.

Сондай-ақ, Мәсімовке тиесілі бизнес-кластағы 11 қымбат көлік тәркіленді. Фотосуреттерді ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынды.


Оқи отырыңыз: Қос қызметкері жемқорлық бабымен істі болған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары неге жұмыстан кетпеді? 


Нұр-Сұлтандағы екі элиталық пәтер, Алматыдағы екі пәтер мен зәулім үй, сондай-ақ, Щучье – Бурабай курорттық аймағындағы көлдің жағасындағы 1 гектар жер учаскесі сынды мүлкі "бұғатталды".

Мәсімовтің жақын адамдарынан 5,1 миллион доллар тәркіленіп, олар қамауға алынды.


Оқи отырыңыз: Саясаткер шенеуніктердің шығысы мен табысын бақылау жемқорлықты азайтатынын айтты


Сонымен бірге, Мәсімов пен оның айналасындағылардың шетел банктеріндегі есепшоттарына заңсыз алып кеткен қаражатты іздеу, тұтқындау және Қазақстанға қайтару жұмыстары ұйымдастырылды.

Осы фактілер бойынша белсенді тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, деп қорытындылады ҰҚК.

Еске салсақ, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны туралы хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары