Тікелей эфир

"Интим суреттер тауып береді". Алаяқтар алдаудың жаңа тәсіліне көшті

Алаяқтар ChatGT нейрожелісі арқылы ақша алу тәсіліне көшті. Қазір дәл осы сервистің 10 мыңнан астам қоланушысы бар.

Елімізде әлеуметтік желі қолданушылары көбейген сайын алаяқтар нейрожелі арқылы арбаудың жаңа тәсіліне көшкен. Азаматтарды алдап, ақшасын алу үшін чат-боттарды пайдаланады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.  

Бұл ChatGT нейрожелісі арқылы жүргізіледі. Алаяқтықтың тың тәсілі өте қарапайым. Онда желі қолданушысына кез келген адамның интим суреттерін тауып береді деген сілтемені басқызады. Қолданушы сілтеме арқылы чат-ботқа өтсе, қай адамның интим суреті керек екені сұралады. 

Осыдан соң бот авторы сұраған суреттердің табылғанын және оған қол жеткізу үшін ақша төлеу керек екенін хабарлайды. Ал желі қолданушысы ақшаны төлеген сәттен алаяқтың тұзағына түсті деуге болады. Өйткені оның сұраған суретін де көрсетпейді, ақшасын да қайтармайды. 

Мұндай сілтемелер әсіресе әлеуметтік желідегі пікір арасынан жиі кездеседі. Сондықтан мамандар интернет алаяқтарынан сақтану үшін күмәнді сілтемелерді баспау керек дейді. 

Олардың айтуынша, азаматтар интернеттегі кез келген ұсынысқа күмәнмен қарағаны дұрыс. Қолданушылар өзі туралы ақпаратты сұраныс білдірген сенімді емес сайттарға бермеуі керек. 

"Бұл – интернет алаяқтықтың жаңа түрі. Осы чат-боттың сипаттамасында қазірдің өзінде 10 мыңнан астам адам пайдаланатыны жазылған. Сервис қорында 10 миллионнан астам фотосурет пен видео бар. Бот авторлары осылайша ғашығын тексеруді ұсынады", – дейді Касперский зертханасының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі маманы Қайыржан Әбдірахманов. 

Серіктестер жаңалықтары