Қазақстанда интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға жыл басынан бері 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Ішкі істер министрін қабылдап, елдегі криминогендік ахуал және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тыңдады.
Ержан Сәденовтің айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған. Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар іздеуде жүрген 1039 адам табылып, сырт елдерде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталды. Ішкі істер министрі тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылғанын айтты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.
Министрдің есебінше, интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 21 пайызға кеміген. Олардың жолын кесу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін дамыту мәселесі де қаралды. Бейнебақылау жүйесі арқылы 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Президент елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.