Қазақстанда жыл басынан бері дінді жамылып, түрлі қылмыс жасаған 22 қылмыстық топтың 64 мүшесі ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлап, жүргізілген операциялардың нәтижесін жариялады.
ІІМ мәліметінше, ұсталғандар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасымен айналысқан. Қылмыстарын жүзеге асыру үшін олардың қару-жарақ ұстағаны анықталған. Мұндай топтар Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында болған.
"Мәселен, Алматыда дінді жамылған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін ұрлаған. Сот оларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Петропавлда радикалды көзқарастағы әйелдің төрт алаяқтық іске қатысы анықталған. Келтірілген шығын 2 млн теңгеден асқан. Ол 3 жылға сотталды. Ал Павлодарда осындай көзқарастағы тұрғынның алаяқтық бойынша 17 іске қатысы бары анықталды. Келтірілген шығын 8 млн теңгеден асқан. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Жалпы діни экстремизм идеяларын ұстанушылардың 155 қылмысқа қатысы бары анықталған. Олардан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді", – делінген хабарламада.
ІІМ экстремистік және террористік қылмыстарға қатысы бар, соның ішінде интернетте радикалды идеологияны насихаттаған адамдардың да ұсталып жатқанын хабарлады.
Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желіде өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты жария түрде қоздырған. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
"Сондай-ақ Ақтөбеде зорлық-зомбылық жасауды жоспарлаған радикалды көзқарастағы тағы бір ер адам ұсталған. Терроризмді насихаттағаны үшін оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Түркістан облысының тұрғыны «Өзбекстан ислам қозғалысы» халықаралық террористік ұйымының идеяларын белсенді түрде таратқаны үшін 7 жылға сотталды", – делінген хабарламада.