Қазақстанда 2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады. Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2% болған. Ал бір айдағы инфляция 0,6% деңгейінде сақталды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Тамызда бағаның төмендеуі негізінен маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерінде байқалған. Бір ай ішінде картоп 12,3%-ға, тәтті бұрыш 11,9%-ға, қырыққабат 9,7%-ға, жүзім 8%-ға, пияз 7,7%-ға арзандады. Сондай-ақ алма бағасы 5,1%-ға, сәбіз 5%-ға, лимон 4,7%-ға, қызылша 3,6%-ға, алмұрт 1,8%-ға, қияр 1,5%-ға төмендеген.
"Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында қолданыста болған жеңіл автокөліктердің бағасы бір айда 5,3%-ға, планшеттер 5%-ға арзандаған. Медициналық маскалар 2,9%-ға, термометрлер 1,9%-ға, электр еттартқыштар мен балалар жөргектері 0,8%-ға арзандады. Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4%-ға, азық-түлік тауарлары 9,5%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттаған. Дегенмен кейбір тауарлардың бағасы былтырғы тамызбен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Мәселен, баклажан 46,8%-ға, қияр 39,9%-ға, қызанақ 13,6%-ға, алма 10,6%-ға арзандаған", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сарымсақ 7,2%-ға, мандарин 5,9%-ға, қырыққабат 5,2%-ға, банан 4,2%-ға, апельсин 2,6%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында ең үлкен төмендеу отандық өндірістегі жаңа автокөліктерде тіркелді. Олардың бағасы бір жыл ішінде 16,9%-ға төмендеген. Электр бұрғылары мен бұрауыштар 8%-ға, кондиционерлер 7,6%-ға, медициналық бинттер 3,1%-ға арзандады.