Импорттық өнімдердің лоббиі отандық азық-түлік өндірісін дамытпай отыр – сарапшылар

Фото: Дөңгелек үстел
Фото: Дөңгелек үстел
Бұл мәселе қазақстандық шаруашылықтарды өз өнімін ел ішінде емес, шетелге сатуға мәжбүр етіп отыр.

Amanat партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі кеңесінің бастамасымен отандық азық-түлік өндірісінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. 

Шара барысында Қазақстан өңірлеріндегі азық-түлік нарығында импорт өнімдерінің үстемдік ету мәселесі және оның отандық азық-түлік өндірісі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төндіретін қауіптері талқыланды. Бүгінде еліміздегі сауда желілерінде және нарықтарда қазақстандық өнімдердің үлесі тұрақты түрде азайып келе жатқаны байқалады. Бұл үрдіс Ақтөбе облысына және Ақтөбе қаласына да тән. Дөңгелек үстелге қатысушылар өңірдегі сауда сөрелеріндегі импорттық тауарлардың үлесі жалпы көлемнің кемінде жартысын құрап отыр және бұл көрсеткіш артуда деген баға беріп отыр. Алайда отандық өндірушілер мен сауда желілері арасындағы қатынастар мемлекет тарапынан реттелмеген, соның салдарынан бөлшек сауда желілері өз басымдықтарын желеу етіп, жергілікті өндірушілерге аса тиімсіз талаптар қояды.

Отандық тауар өндірушілерінің жағдайын жақсарту мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен "Отандық тауар өндірушілерін қолдау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленгені іс-шара барысында айтылды. Алайда, салалық одақтардың "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алған қорытынды жобасынан байқалғандай, осы патриоттық заң жобасында көрсетілген ұсыныстардың басым бөлігіне Үкімет тарапынан теріс қорытынды берілген. 

"Егер қазіргі кездегідей импорттың үстемдігі жалғаса беретін болса, азық-түлік өндірісінің тұтас сегменттері жойылып кетуі мүмкін. Оның ішінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан стратегиялық маңызы бар бағыттар да бар. Отандық өнім өндірушілер мен сауда желілері арасындағы қатынастарды мемлекет тарапынан реттеу қажеттігі бұрыннан туындаған. Мәселен, сауда желілерінің өндірушілерге қысым көрсету тетігіне айналған "ретробонус" деп аталатын төлемдер еліміздің заңнамасында тікелей тыйым салынғанына қарамастан, бұл тәжірибе әлі де жалғасуда. Сауда желілері оларды бүркемелеп – қосымша қызметтер, жарнама және өзге де атаулар арқылы өндірушілерге жүктейді. Бұл – өндірушілерге салынатын "қосымша салық" іспетті", – деді Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Сағынғазы Құрманалин.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан нарығына ресейлік және беларусьтік өндірушілердің өнімдері белсенді түрде енуде. Мысалы, Ресейде өз өндірушілеріне зауыттан сауда нүктесіне дейінгі тасымалдау шығындарының 100 пайызын мемлекет өтейді. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. 

Сағынғазы Құрманалин ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан аумағында қазіргі уақытта "Белорусские продукты №1" сауда желісінің шамамен 130 дүкені және сауда нысандарында шамамен 120 сатылым нүктесі жұмыс істейді. Бұл деректер Беларусь өнімдерінің Қазақстан ішкі нарығында кеңінен таралуы мен тұрақты өкілділігін айғақтайды. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, 2023 жылмен салыстырғанда, Беларусь мемлекетінен әкелінетін азық-түлік тауарларының жекелеген категорияларының айтарлықтай өскені тіркелді: мәселен, сүт импорты 51%-ға (3,3 тоннадан 5,0 мың тоннаға); ірімшік пен сүзбе - 30%-ға (11,2-ден 14,5 мың тоннаға); шұжық өнімдері - 2,6% -ға (10,4-тен 10,7 мың. тоннаға) артты. 

"Сырттан әкелінетін тауарлардың сапасы жапсырмасында көрсетілген сипаттамаға сәйкестігі бойынша қарапайым тексеруден өтпей, бір сеніммен қабылдана береді. Елге кіргізілетін импорт тауарлырының көлемі де нақты емес, сондықтан өз тауарларымызды сату үшін шетелге шығаруға мәжбүрміз. Ресей, Беларусь және басқа да елдер өз өндірушілерін барынша қорғайды, сондықтан елімізде де отандық өндірушілерді қорғау мақсатында ұқсас шараларды қабылдау қажет. Отандық өнімдер қол жеткізу аса қиын ҚХР импорттаушыларының сертификатымен нақтыланатын халықаралық сапасының бар болғанынан қарамастан, сапасыз импорттық өнімдер тарапынан қысым көріп отыр. Мемлекет экспортты емес, импорт өнімдеріне басымдық беретін болса, бұл тұйыққа тірейтін жол", – деді "Молочные Истории-А" ЖШС директоры Асылгүл Ильясова.

Дөңгелек үстел барысында өңірде айтылған барлық ұсыныстар заңнаманы жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстарды әзірлеу кезінде ескерілетіні атап өтілді. Қатысушылар аталмыш мезетте отандық өндірісті қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда кездесетін қиындықтарға қарамастан, қазақстандық өндірушілерді қолдау шараларын жалғастыру қажеттігін ерекше айтты.

"Amanat партиясының өкілдері екі жыл бойы еліміздің әртүрлі өңірлерінде осындай дөңгелек үстелдерге қатысып келеді, әр өңірде қазақстандық өндірушілер жағдайдың күрделілігін және импорттық өнімдерге артқан қысымды айтып отыр. Біз сала өкілдері ұсынған патриоттық бастамаларды қолдаймыз, олар Қазақстан экономикасын нығайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін қатаң бақылауда ұстаудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Менің ойымша, бүгін көтерілген мәселелер өз шешімін тапқанға дейін күн тәртібінен түспеуі керек", – деді Amanat партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы кеңес төрағасы  депутаты Амантай Үмбетай.

Серіктестер жаңалықтары