ІІМ әлеуметтік желі мен БАҚ-ты сараптайтын Super Vision экожүйесін әзірлеп жатыр

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Ержан Саднеовтың мәлімдеуінше, әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ішкі істер министрлігі онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ашық дереккөздерінен ақпаратты жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған "Super Vision" мониторинг экожүйесін әзірлеп жатыр. Жоба қазір әзірлеу сатысында. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, жүйе онлайн-платформалардың және БАҚ ашық дереккөздерінен ақпаратты жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған. Жоба Үкімет Аппаратының тапсырмасы аясында әзірленіп жатыр. 

Сонымен қатар министр әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Атап айтқанда, TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі 184 аккаунт тексерілген. Нәтижесінде 86 қолданушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 56-сына айыппұл салынса, 29 адам әкімшілік қамаққа алынған, бір адам қоғамдық жұмысқа тартылған.

Жалпы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 124 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құрылтай депутаттары сауалында әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде тарайтын "трэш-стриминг" ұғымын заңнамада бекітіп, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлауды және әдейі арандатушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған.

Алайда Ержан Саденов "трэш-стриминг" ұғымын Қазақстан заңнамасына енгізу орынсыз деп санайды. 

"Трэш-стриминг термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ, бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін. Нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік заңнамада қарастырылған. Адам ҚК 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру), 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) және ӘҚБтК 456-2-бабы (Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату) бойынша жауапқа тартылуы мүмкін", – деді министр.

Мәселен, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, оның 21-і сотқа жолданған. 274-бап бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, оның тоғызы сотқа жіберілген.

Депутаттар көтерген тағы бір мәселе – азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығару және ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпарат тарату кезінде олардың құқықтарын қорғау.

Министр қолданыстағы заңнамада адамның ар-намысы, қадір-қасиеті мен бейнесін қорғау тетіктері бар екенін атап өтті. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар сот арқылы нұқсан келтіретін ақпараттың таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған.

Министрлік тікелей эфирлердің ерекшелігін ескере отырып, интернеттегі заңсыз бейнеқолдану мен қорлау фактілеріне шағымдану рәсімдерін жетілдіру қажет деп санайды. Сондай-ақ онлайн-платформалардың негізді шағымдарға жауап беру уақытын қысқарту мәселесіне назар аударған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау