Тікелей эфир

Ғылыми сараптама: Неге отандық сарапшы 7900 теңге, ал шетелдікі 250 доллар алады

Қазақстандық сарапшылардың төлемақысын айқындау әдістемесі әзірленбек.

Қазақстанда мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасайтын сарапшылардың қызметіне төлем жасау тәртібі өзгереді. Қазіргі таңда отандық және шетелдік сарапшылардың қызмет ақысында өте үлкен айырмашылық бар. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды. 

Жобаның негіздемесінде баяндалғандай, қазіргі таңда мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу үшін қазақстандық сарапшылардың қызметтерінің құны 10 мың теңгені құрайды және бұл сомаға қызметтерді орындауға байланысты барлық шығындар, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер кіреді. Нәтижесінде сарапшы ұстап қалғаннан кейін 7 900 теңге алады. Ал шетелдік сарапшыларға төлем 250 АҚШ долларын (шамамен 115 мың теңге) құрайды.  

"Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың бірдей жұмысы үшін шетелдік сарапшылар қазақстандық сарапшыларға қарағанда көбірек алады. Қазақстандық сарапшылардың қызметтеріне ақы төлеудегі деңгейдің төмендігі біліктілігі жоғары ғалымдардың сараптамаға қатысудан бас тартуына алып келеді, бұл жүргізілетін сараптаманың сапасына кері әсерін тигізеді және мемлекеттік сараптама жүргізуге кедергі келтіру қаупі бар", – делінген жобаның негіздемесінде. 


Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек: Ғылыми әзірлемелерден Қазақстан бюджетіне 6 млрд теңге түсті


Осыған орай, шетелдік сарапшылардан кем емес жобаларға сараптама жүргізгені үшін қазақстандық сарапшыларға төлем деңгейін белгілеу тәртібі өзгертілмек. Бұл міндет ғылым және жоғары білім министрлігіне жүктеледі. 

Серіктестер жаңалықтары