Вакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнәр Жұманова кез келген ақпаратты алдымен тексеруге шақырды. Сондай-ақ, ол денсаулыққа байланысты мәселелерге келгенде бірінші кезекте өз ісін білетін медицина мамандарының көмегіне жүгінуге кеңес берді.
"Барлық дінде бірінші кезекте білімді адамға сенім арту керектігі туралы жазылған. Заманауи тілде айтар болсақ – кәсіби мамандарға. Мысалы, Құранда "Егер өзіңіз білмесеңіз, сол салада білімі бар адамнан сұраңыз" дейді. Сол себепті, кез келген дін қызметшісі болсын, мейлі батюшка, мейлі имам болсын, ол – дін саласының маманы. Бірақ, олар медицина саласының кәсіби мамандары емес. Сондықтан, кез келген діндар адам дін қызметшісін тыңдаса да, құрметтесе де, денсаулыққа қатыстыны, медицинаға тиесілі дүниені дәрігерлерден, сол саланың мамандарынан сұрауы тиіс. Әдетте діндар жандар, сенімі бар адамдар білімді келеді. Өйткені, барлық дінде адамның бірінші кезекте білімді болуы тиіс екені айтылған. Соқыр сенім нашар. Оның арты радикализм, экстремизм, фанатизм және тағы басқаға алып келеді", – деп сақтандырды философия ғылымдарының докторы.
Әрі қарай Гүлнәр Жұманова вакцинация мәселелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарапайым тілде жүргізудің маңызына тоқталды. Айтуынша, бүгінде көп адамның екпе туралы біліміне осы жұмыстардың кәсіби тілде жүргізілуі кедергі болып отыр.
"Қай жерде болмасын, аудитория ескерілуі керек деп ойлаймын. Адам өз әріптестерінің арасында кәсіби аудиторияда тұрса, олармен "бір тілде" сөйлесе алады. Егер аудитория әртүрлі салада қызмет ететін қарапайым азаматтардан құралса, онда түсіндіру тілі қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Әдетте "Мықты мамандар ең қиын деген нәрсені қарапайым етіп жеткізе алады", "Сізді естігенін қаласаңыз, бала да ұғатындай етіп түсіндіріңіз" деп жатады. Сонда тереңдегі ақпарат қолжетімді болады. Менің ойымша, қиынды жеңілдете білу – профессионализмнің бір талабы. Сол себепті медицина мамандары екпеге қатысты кей ақпаратты түсініктірек тілде жеткізуі керек деп ойлаймын. Бастысы адам түсінетіндей", – деді вакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.
Сондай-ақ, ғалым өзі ең жиі еститін фейк ақпараттарға және олармен күресу жолына тоқталды. Айтуынша, бүгінде бір адамның теріс көзқарасы барша медицина мамандарының білімге негізделген ақпаратын теріске шығаратын күшке ие болып отыр.
"Ең көп тарағаны конспирологиялық түрлері шығар: чип салу, биологиялық қару және адамдарға қандай да бір эксперимент жасап жатыр, адамның ДНҚ-сына араласу, халық санын азайтудың бір тәсілі. Ал діндар адамдар арасында "Бұл Құдайдың қарғысы", "Құдайдың қаһары" және т.б. фейктер жиі таралған. Фейктерге қатысты иммунитет құру керек деген ойдамын. Бұл иммунитет бірінші кезекте білімге және адамның критикалық ойлау қабілетіне негізделуі тиіс. Ақпаратты тұтынған кезде мүмкіндігінше көп дереккөзін пайдалану қажет. Альтернатив дереккөздері дегендей. Критикалық ойлау қабілетінің мынандай бір ережесі бар: "Қарама-қарсы пікірді тыңдайын, ол дұрыс, рас болуы мүмкін бе?" деген. Осы ақпараттың қаншалықты айқын екенін тексеруге көмектеседі", – деп кеңес берді Гүлнәр Жұманова.
Еске салсақ, теолог, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, дінтану докторанты Елнар Берікбаев Ислам дінінің екпеге қарсы емес екенін айтқан болатын.