Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонында сарбаздың қаза табуына байланысты әскери бөлім ротасының командиріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, биыл 27 қаңтар күні қаза болған сарбаз Е. Рустемұлының өліміне себеп болған жағдайлардың бірі ретінде рота командирінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы анықталған.
"Тергеу барысында лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын тиісті деңгейде бақыламағаны белгілі болды. Сондай-ақ, қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдалану деректері тіркелген. Қысқа мерзім ішінде қажет дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды. Сонымен қатар сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр", – делінген хабарламада.
Аталған іс Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, алдын ала тергеу деректері жария етілмейді.