Тікелей эфир

Гүлмира Райылқызы: Орталық Азияда музей туралы заңы жоқ ел – Қазақстан ғана

Қазір елімізде 250-ден аса музей бар.

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Қазақстанда "Музей туралы" заң қабылдаудың өзектілігіне тоқталды. Мұнымен қатар, ол музейге қажет маман даярлау мәселесінің бір жолға қойылмағанын атап өтті. 

"Халықаралық музейлер кеңе­сінің кәсіби этика кодексінде музей қызметін дамытудың ең төменгі стандарттары белгіленген. Қазір елімізде 250-ден аса музей бар. Оның әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, бағыты, тақырыбы, объектісі болатындықтан, әр музейге тән ортақ және өзіндік стандарт қалыптасуы заңдылық. Ортақ стандарт Қазақстан Республикасының "Мәдениет заңының" музей қызметіне арналған 25-бабына, мәдениет саясатын дамытудың тұжырымдамасына, мәдениет және спорт министрлігі бекіткен ережелер, қағидалар, актілер, нұсқаулықтарға негізделсе, одан бөлек, әр мекеменің өз жарғысы, даму тұжырымдамасы болуы тиіс. ҚР музей қорын қалыптастыру және күтіп ұстау қағидалары, ҚР музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығы бар болғанымен бүгінгі таңда жеке "Музей туралы" заң қабылдау өзекті болып тұр. Бұл өз кезегінде музей ісінің жинақылануына, дамуына әсер етер еді. Сенесіз бе, бүгінгі таңда ТМД-ны былай қойғанда, Орталық Азия бойынша музей туралы заңы жоқ ел – Қазақстан ғана", – деді музей директоры.

Гүлмира Райылқызының айтуынша, әр музейдің қызметіне байланысты стандарттар да әртүрлі жасалуы мүмкін. Мысалы, кейбір музейлер – мемлекеттік кәсіпорын, келесісі – қазыналық.


Оқи отырыңыз: Соңғы 4 жылда музей қоры қандай жәдігерлермен толықты?


"Әрине, жалпы музейлердің қызметі ортақ, негізінен тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтау, зерттеу. Дәріптегенімен, дәрежесіне қарай республикалық, облыстық, аудандық музейлер болып жіктелетіндіктен, оларға қойылатын стандарт, талаптар да әртүрлі. Сол стандарттардың орындалу, орындалмау деңгейін анықтайтын механизмнің бірі – аккредитациядан өту, лицензия алу. Себебі  қазір музейлер мен музей-қорықтар ғылыми орталыққа айна­лып жатыр. Яғни музей тек ағартушылық қызмет­пен, экспозиция құру­мен, көрмелер ұйым­дас­тырумен ғана айналыспай, ғылыми-қолданбалы зерттеулер де жүргізеді, қалпына келтіру жұмыстарын (реставрация), жаңғырту (реконструкция) жұмыстарымен де айналысады. Әрі, мұндай музейлерде ғылыми кеңестер жұмыс істейді", – деді Гүлмира Райылқызы. 

Сондай-ақ, ол музей қызметкерлерін дайын­дау мәселесіне келгенде бүгінгі күні "Музей ісі және ескерткіштерді қорғау" саласындағы мамандарды бакалавриат деңгейінде дайындауды Қазақстан Республикасындағы екі ғана жоғарғы оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жүзеге асырып жатқанын атап өтті. 

"Музей ісі және ескерткіштерді қорғау" мамандығы бойынша магистр немесе PhD дәрежесін тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ала аласыз. Әр жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Археология, этнология және музейтану" кафедрасында "Музей ісі және ескерткіштерді қорғау" мамандығы бойынша шамамен 100-ден аса бакалавр және 40-тан аса магистр даярланады. Бұл көрсеткіштің өзі тұрақты емес. Тіпті кей жылдары әртүрлі себептерге байланысты бұл мамандықты жабу мәселесі де көтерілген еді. Сондықтан музейлерде маман тапшылығы бар. Музейлерге, негізінен, гуманитарлық сала мамандары алынады, соның ішінде тарихшы, юрист, филолог, мәдениеттанушы және т.б. Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілген "Мемлекеттік мәдениет ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымының үлгілік біліктілік сипаттамалары" негізге алынады. Кейде осы үлгілік біліктілік сипаттамаларға сай мамандарды табудың өзі үлкен мәселеге айналады", – деді музей жетекшісі. 


Оқи отырыңыз: "Ақыртас" кешені қандай құпияны бүгіп жатыр? (Фоторепортаж)


 

Серіктестер жаңалықтары