"Ақыртас" сарай кешені VIII-XII ғасырларда салынған. Тараздан шығысқа қарай 40 шақырым жүргенде Ақшолақ ауылынан "Ақыртас" деген белгіні көрдік. Теміржол бекетінен оңтүстікке қарай бұрылып, 7 км артта қалдырдық. Жол жөнделіпті. Әйтпесе, тарихи нысанға баратын жолдың жоқтығы осы уақытқа дейін жанға батып келді.

Сәске кезі. Қырғыз Алатауының шыңына қар енді түскен екен. Біздің алдымызда жол полициясы жүйткіп келеді. Мектеп оқушылары мінген автобустың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Бір қызығы, мұғалімдері тарихи нысанға алып келгенде, мұнда кіру ақылы екенін білмеген. Қақпаның алдында бәрі жанталасып, қалталарынан 50 теңге іздей бастады.

Ал біз адам басына 200 теңге төлеп ішке кірдік. Ақылы болатын себебі – "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-мұражайы жеткілікті түрде бюджеттен қаржыландырылмайды. Археология мен нысандарды жөндеуге бөлінетін қаражат қазба жұмыстарымен айналысатын ұйымдарға жіберілетін көрінеді. Мемлекеттік қазыналық кәсіпорын (МҚК) мәртебесін иеленген соң, өзін-өзі қаржыландырып, өз бетімен қаражат табуы тиіс.


Оқушылардың жазғы демалысында, сабақтар аясында кіру – тегін

Оқушылардың жазғы демалысында, сабақтар аясында кіру – тегін / Фото автордікі

Кешенге студенттер мен зейнеткерлер 100 теңгеге, шетел азаматтары 300 теңге беріп кіре алады. Ал, мектеп жасына дейінгі балаларға – тегін. Гид жалдағыңыз келсе, топта 10-25 адамға дейін болуы керек. Экскурсия қазақ және орыс тілінде – 2000 теңге, шет тілінде – 3000 теңге, оқушыларға және мектеп жасына дейінгі балаларға – 800 теңгеге қызмет етеді. Қорық-мұражайы басып шығарған ғылыми, әдістемелік әдебиетті және басқа баспа өнімдерін алғыңыз келсе, 500 теңге мен 3000 теңге аралығында. Бейнетаспаға түскіңіз келсе, сағатына:

  • Әуесқой – 3000 теңге;
  • Ғылыми-танымдық – 10 000 теңге;
  • Деректі фильмдер – 15 000 теңге;
  • Көркем фильм – 50 000 теңге.
  • Мұражай жәдігерлерімен бірге суретке түскіңіз келсе, 100-200 теңге аралығында бір данасына түсе аласыз.
Өзіңізбен бірге фотоаппарат, ұялы телефон, бейнекамераларды ала барғаныңыз дұрыс.

Баспалдаққа мән берсеңіз, "Ақыртас" сарай кешеніне кіретін қақпасы екеніне көзіңіз жетеді

Баспалдаққа мән берсеңіз, "Ақыртас" сарай кешеніне кіретін қақпасы екеніне көзіңіз жетеді / Фото автордікі

Көпшіліктің көңілін күпті етіп, құпиясы әлі ашылмады

Аумағы 2,5 жарым гектар жерді алып жатқан бұл нысанның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы, ортада жарты гектар ашық алаңы болған дейді зерттеушілер. Қорғанның оңтүстік және солтүстік қақпалары бар. Кейбір деректерде қақпаның біреуі солтүстікке, қалған үшеуі оңтүстікке қаратылған төртеу екенін айтады.

Кейбір ғалымдар бүгінгі Ақыртасты араб деректерінде кезігетін Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деп болжайды. VIII ғасырдың екінші жартысында (751 жылы) қарлұқтар мен араб әскері бірігіп, Атлах маңында қытайларды тас-талқан қылып жеңеді. Осы жеңістен кейін бейбіт өмір басталып, екі мемлекет арасында келісім орнаған шақта, басшылар қала салуға кіріскен. Бірақ белгісіз себептермен құрылыс тоқтап қалған.


Туристер де әртүрлі болжам айтып, пікір алмасып тұр

Туристер де әртүрлі болжам айтып, пікір алмасып тұр / Фото автордікі

Көлемі шамамен 205х185 метрден тұратын құрылыс геометриялық есеппен жасалғанын бірден аңғардық. Табанға және қабырғаларға қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан асады. Олар тегістеле жонылып, мұқият өңделген. Қаратөбенің қойнауында жатқан тас қатты болғандықтан, оны дайындау оңайға соқпаған.

– Тастың жартысын сындырып алу үшін әр 15 см қашықтықта, диаметрі 6-7 см шұңқырлап, тереңдігін 8 см қылып үңгіп, шекиді. Қатты болып келетін таудағы арша немесе сүйек ағашыннан сына қаққан. Оларға шеге кірмейді, балта өтпейді. Сыналауда да шеберлік керек. Егер бір уақытта ұрмаса, тастар сынып кетіп, бірдей бөлінбеуі мүмкін, – дейді тарих зерттеушісі Қалмақан Шекеев.


Туристердің көпшілігі осы тастың қалай кесіліп, тегістелгеніне таң қалады

Туристердің көпшілігі осы тастың қалай кесіліп, тегістелгеніне таң қалады / Фото автордікі


Бақсы-балгерлер бұл тасты "жүрек тасы" деп атап, жүрегі ауыратын кісілерді үстіне жатқызатын көрінеді

Бақсы-балгерлер бұл тасты "жүрек тасы" деп атап, жүрегі ауыратын кісілерді үстіне жатқызатын көрінеді / Фото автордікі

Ғалымдар тұшымды тоқтамға әлі келген жоқ

Ақиқаттан гөрі аңыз көп. 130 жыл бойы зерттелгенімен ғалымдардың әрқайсысының өз болжамы бар. Алғаш рет 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған Даосс тахуасы Чан-Чунь өзінің саяхат күнделігінде: "Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады" деп қызыға жазған екен. Сол кездің өзінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқтап қалған. Неліктен? Ол жағы біз үшін әлі күнге дейін құпия. Ақыртас құрылысын зерттеген әлем ғалымдарының да сүйенері – осы қытай дерек көзі.

Патшалық Ресей тұсында басталған зерттеу жұмыстары Кеңес өкіметі кезеңінде жалғасын тапты. 1864 жылы алғашқы рет полковник Черняевтің әскери экспедициясы құрамында жұмыс істеген суретші М.С.Знаменский Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап, қызықты суреттер салады. Ресей шығыстанушысы П.И.Лерх: "Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы" десе, академик В.В.Бартольд болса: "Несториан ғибадатханасы" деген болжам айтады.

Ал, археолог Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Осы ғимаратты 1940 жылдан бастап,30 жыл бойы тікелей өзінің бақылауында ұстап, терең зерттеген ғалым, академик Г.Пацевич былай дейді: "Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді".

Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары академик Карл Байпақов бастаған ғылыми топ археологиялық жұмыстарды француз ғалымдарымен бірге жүргізе бастайды. Соның нәтижесінде "сарай кешен" деген тұжырым шығарған. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас болып шықты. Бірақ, өзге ғалымдар әлі нақты шешімге тоқтаған жоқ. Қызыл тастан қашап, шегендеп жасалған кешенді бағзыда қандай мақсатпен пайдаланбақ болғаны әлі күнге дейін жұмбақ.


"Сарай кешені осындай болуы керек еді" деп топшылайды кейбір зерттеушілер

"Сарай кешені осындай болуы керек еді" деп топшылайды кейбір зерттеушілер / kctp.ucoz.kz сайтынан алынды

Су жеткізетін құбырлар желісі қыштан жасалған

Тарих зерттеушісі Қалмахан Шекеевтің айтуынша, үлкен шеңберлі 20-18 см, тұрқы 60 см болатын құбыр Ұзынбұлақ тау шатқалынан (кейбір деректерде Қайыңды деп аталады) 4-5 шақырым аралығында жүргізілген. Бір қызығы, ғимараттың іргесінде де су бар. Бірақ, тау етегінде тебіндеп жатқан бұлақ басынан тартылғанына қарап екі болжам жасайды. Жау қоршауында қалған жағдайда қамалда жасырын жер асты суы болуы керек. Бәлкім, шатқалдың суы қатпайтын болғандықтан табанынан тартылған болуы мүмкін.


Бағзыда су болғанымен қазір бұл жерде ауыз су жоқ

Бағзы заманда болғанымен, қазір бұл жерде ауыз су жоқ / Фото автордікі

Бұлақ суын сарайдан 3-4 шақырымдай қашықтықта орналасқан су бөгетінде жинаған. Ал сарай ішінде су арнайы қоймаға құйылып, сол жерден үйді-үйге тасымалданған. Ақыртас сыртында тағы да екі су қоймасы табылған. Бұл егіншілікті суару үшін қажет болған сияқты.

Құбырлардың бас жағы жіңішкеріп, аяққы тұсы жуандап отырған. Осылайша бір құбырды екіншісіне кигізіп бірнеше шақырымға оңай тартқан. Бау-бақша, саябақ орындары да жоспарланған. Суару үшін жерді қазып, арықтар қазыла бастаған.

Пирамидалар елінің технологиясы қолданылған

– Мысырдың әйгілі пирамидаларын салу үшін 100 метрден аса биіктікке ірі тас үйінділерін бөрене арқылы сүйреген. Ол үшін құрылыстың іргесіне құм-топырақ үйген. Осы тәсілдерді Ақыртас құрылысына да сәтті пайдаланған. Қалай дейсіз ғой.

Ғимараттың ірге тасының астынан қазып алынған мыңдаған текше метр топырақты қайда жіберді деп ойлайсыз? Сырт қабырғаларына жапсырып, ауыр тас блоктарды бөрене арқылы сырғытқан. Ақыртас құрылысының салыну мезгілі тым әріден басталуы да мүмкін, – дейді Қалмахан Шекеев.


VIII-XII ғасырда цемент болмағаны түсінікті. Сондықтан әктің ерітіндісін құммен араластырған

VIII-XII ғасырда цементтің болмағаны түсінікті. Сондықтан әктің ерітіндісін құммен араластырған / Фото автордікі

Ақыртастың сырт қабырғалары неліктен 2 метр тереңдікте қаланған?

– Жау қамалдың астын қазып кіре алмауы үшін іргетасын, табанын терең етіп қалаған. Ал ғимарат іргетасының биіктігі 4 метр екен. Қамалдың қабырғалары қалың, бұзу қиын. Су шаймайды, жел мүжімейді, биік болғандықтан үстінен асып түсе алмайды. Қабырғаларының қазіргі кезде сақталған сілемдері 160, 146 және 140 метр шамасында. Тіпті іргесіндегі бұлақ суын бөгеп тастаса, жасырын жер асты су құбырын жүргізіп қойған, – дейді ол.


Іргетасының өзі 2 метр тереңдікте орналасқан

Іргетасының өзі 2 метр тереңдікте қаланған / Фото автордікі

Жер асты өтпе жолынан өтпекші болғандар тірі шыққан емес

– Бұрын бұл жерден үш жылқы өтіп кететіндей жер асты жолы болған деседі. Кейбір ғалымдар осы өтпе жолды тексермек болып, ішіне кіргеннен кейін қайтадан шықпапты. Сондықтан, бұл жерді де, Тектұрмас әулиенің маңайындағы жер асты өтпе жолын да бітеп тастаған. Қойнауында газ болуы да ғажап емес, – дейді жергілікті тұрғын Қайрат Жадраев.


Бұл жер асты өтпе жолынан кіргендер Тараз қаласындағы Тектұрмас әулиенің кесенесінің маңынан шығады деген болжам бар

Бұл жер асты өтпе жолынан кіргендер Тараз қаласындағы Тектұрмас әулиенің кесенесінің маңынан шығады деген болжам бар / Фото автордікі

Академик Карл Байпақов Ақыртаста жер асты өтпе жолы болғандығымен келіспейді.


Ақыртастан Тараз қаласындағы Тектұрмас әулие кесенесінің маңайындағы жер асты өтпе жолына дейін 48-50 шақырым

Ақыртастан Тараз қаласындағы Тектұрмас әулие кесенесінің маңайындағы жер асты өтпе жолына дейін 48-50 шақырым / Фото автордікі

Тас блоктар 500 метр қашықтықта орналасқан Қоңыртөбеде өңделіпті

Қоңыртөбенің баурайынан ірі кесек қызыл тастың мол қоры барланған. 1965-1966 жылдары инженер Луппорт Қоңыртөбеге динамит қойып жарып, тауыпты. Салмағы жарты тоннаға жуықтайтын бір тас блогты ненің көмегімен тасығандары белгісіз болып тұр. Тастарды домалататын болса, бөренелермен қозғалтса, қыстыгүні шанамен тасыса, тасымалдаудың ізі табылу керек еді. Әзірге ешқандай нақты дерек жоқ. Аңыз бойынша, мұндай тастарды алып адамдар ғана таси алатын болған. Ал, ғалымдар тасты сақпан арқылы лақтырған болуы мүмкін деген болжам жасайды.Бірақ, мұны растайтын артефактілер табылған жоқ.

Ақыр формасындағы тастардың 6 данасы жер қойнауынан сыртқа теуіп шыққан. Бүгінде тек екеуі сақталып қалған. Төртеуі жоғалған немесе қайтадан жер қойнауына сіңіп, жоқ болған. Тастың пішіні малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған.


Табиғи тасты жонып, темірмен шекіп пішімге келтірген

Табиғи тасты жонып, темірмен шекіп пішінін келтірген / chrontime.com сайтынан алынды

Ғалымдардың болжамына сәйкес, бұл ақыртастар хан отбасының жуынуға арналған ваннасы деп дәлелдеген. Сақталып қалған екеуінің бірін терең, екіншісін таяз ойған. Тастың екі шеті бір-біріне киіліп, қозғалмай тұруы үшін арнайы тұмсықтары қоса қашалған. Сондықтан, екеуін қатар қойған жағдайда бір-бірімен оңай байланыстырылады.


Қоңыртөбеде VII ғасырда өмір сүрген Нұр-ата сахаба жерленген

Қоңыртөбеде VII ғасырда өмір сүрген Нұр-ата сахаба жерленген / Фото автордікі

Ары қарай...

Қоңыртөбеден төменге қарай құлдилап, саз балшықтан тұрғызылған керуен сарайға беттедік. Қазіргі реставрацияланған үлгісі.


Ақыртас кешені салынып жатқанда тұрған керуен сарайы немесе хат шатырының қабырғалары қалың болған

Ақыртас кешені салынып жатқанда тұрған керуен сарайының немесе хат шатырының қабырғалары қалың болған / Фото автордікі

Бұл құрылыс қазіргіден де биік болуы әбден мүмкін.

Ұзақ уақыт Әулиеата уезінің басшысы болған В.Каллаур 1905 жылы жазып кеткендей, сол кездегі тұрғындар Ақыртастың үйінділерін жаппай тасып әкетіп, өз керектеріне жаратып отырған. Ол көбінесе көпірлердің, түрлі мақсаттағы ғимараттардың іргетастары мен қабырғаның материалы ретінде қолды болып кеткен.

Жергілікті көнекөз қариялар Түрксіб темір жолының құрылысы жүріп жатқанда да жұмысшылардың дәл осы сарай кешенінің қабырғасындағы тастарды пайдаланғанын айтады. Көп тас далада шашылып қалған.


Бұл – керуен сарайының маңындағы құрылыстың маңындағы кірпіш күйдіретін орын

Бұл – керуен сарайының маңындағы құрылыстың маңындағы кірпіш күйдіретін орын / Фото автордікі

Ақыртас ғимараты үйсіндердің дәуірлеген алтын ғасыры б. д. б. ІІ-І ғасырдың тоғысқан тұсында салынған құрылыс деген жорамал бар. Зерттеуші Карл Байқаповтың болжамы бойынша, Ақыртас-1 мен Ақыртас-2 қорымында б.з.д. III ғасырмен б.з.III ғасыр аралығында жерленгендер Ақыртас құрылысы кезіне дүние салған. Бірақ, адам сүйектері табылмады. Құрылыстың маңындағы обаға ұқсайтын қорымдар ғана бар.


Бұл шағын керуен сарайдан қайтып келе жатқандағы екі айрық жол. Бірі қарауыл мұнарасына апарса, енді бірі тас өңдейтін орынға қарай тартады

Бұл – шағын керуен сарайдан қайтып келе жатқандағы екі айрық жол. Бірі қарауыл мұнарасына апарса, енді бірі тас өңдейтін орынға қарай тартады / Фото автордікі

Жаудан сақтану, қамалды қорғап қалу мақсатында төбенің ең биік тұсына қарауыл мұнарасы доға түрінде тұрғызылыпты. Айта кетейік, Ақыртас кешені 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне енгізілді. GPS навигациялық құралдарының көмегімен сарай кешенін оп-оңай тауып алуға болады.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter